4 октября 2025 г. 14:56

Digital Bridge: Олжас Бектенов үздік отандық IT-жобалар мен цифрлық бастамаларға марапаттарын табыс етті

Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Digital Bridge: Generative Nation халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысып, Digital Bridge Awards сыйлығының лауреаттарына марапаттар табыс етті және цифрлық шешімдер көрмесінің экспозициясымен танысты.

Алматы, NEGE. Олжас Бектенов жасанды интеллектіні цифрландыру және енгізу Қазақстан Президенті айқындап берген ел дамуының басым бағыты екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударып, Қазақстанды алдағы үш жыл ішінде нағыз цифрлық елге айналдыру туралы міндет қойды. Біздің азаматтарымыздың әлеуеті шексіз және серпінді жобаларды жасап шығаруға мүмкіндіктері жеткілікті. Өз кезегінде біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Көздеген мақсатқа жетуде бизнес, ғылыми орта және мемлекеттік құрылымдар болсын, әрбір тарап маңызды рөл атқарады»,

— деп атап өтті Премьер-министр.

Бүгінде Қазақстан «электрондық үкіметті» дамыту бойынша әлемде 24-ші, онлайн қызметтер бойынша 10-шы орында тұр.

Үкімет жасанды интеллект және IT-мамандарына қолайлы жағдайдың барлығын жасау үшін қарқынды жұмыс жүргізуде екенін атап өтті. Қазіргі таңда экожүйенің инфрақұрылымы үздіксіз кеңеюде. Білім беру ресурстары барлық азаматтарға қолжетімді. Бүгінде 20 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағдарламалары іске қосылған. Шамамен 500 мың адам жасанды интеллект негіздерін, оның ішінде AI Qyzmet, AI Sana, Tomorrow school, QazCoders сияқты бағдарламалар бойынша білім алуда.

Соның ішінде Alem.ai-дың ашылуы инфрақұрыЛымды нығайтуда маңызды қадам болды. Ол – орталық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, озық шешімдерді енгізу және стартаптарды дамыту үшін құрылған бірыңғай цифрлық кластердің негізгі платформасы. Astana Hub та – креативті индустрияларды дамытудағы маңызды құралдардың бірі. Венчурлық инвестициялар қоры түріндегі акселератордың арқасында стартаптар ауқымды қаржыландыруға қол жеткізіп, жаһандық нарыққа шыға алады.

Осы жылдың соңына дейін IT-қызметтер экспортының көлемін $1 миллиард долларға жеткізуді мақсат еткен стратегиялық жоспар жүзеге асуда. Қазақстан нарығына қазірдің өзінде Playrix, Mytona, NetCracker сияқты әлемдік технологиялық алпауыт компаниялар кіріп отыр. Бұл бизнес пен инвесторлардың тарапынан тұрақты серікстес ретінде Қазақстанға деген сенімнің нығайып жатқанын көрсетеді.

«Жуырда құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басты міндеті – келесі технологиялық серпіліске қол жеткізуді қамтамасыз ету. Осы мақсатта құқықтық базаны жетілдіріп, жасанды интеллект және IT-мамандарын қолдау шараларын кеңейтіледі. Ұлттық білім беру платформасын әзірлеу және Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін құру жөніндегі Президент бастамалары болашақ нарыққа білікті кадрларды даярлауға айтарлықтай серпін береді»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Қазақстан Үкіметі қуатты экономика құру мақсатында еліміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысқа толықтай ашық екенін атап өтті. Форумның нәтижесінде 30-дан астам маңызды меморандумға қол қойылып, өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарына қол жеткізілді. Үкімет жанынан құрылған Цифрлық штаб мемлекеттік органдардың толық цифрлық трансформациясын жүзеге асыру, бизнестегі туындайтын мәселелерді жедел шешу және нарықтың барлық қатысушылары үшін артық кедергілерді жою бағытында жұмыс істейді.