Диас Кенжебек пара жүзуден Азия рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды

Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек жаңа рекорд орнатты.

Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы

Астана, NEGE. Жерлесіміз ерлер арасында S10 санаты бойынша 100 метрге шалқалап жүзу сайысының финалында 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша, ол Азияның бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық рекордын жаңартып, чемпион атанды.

Осымен Қазақстан құрамасы V Азия Пара ойындарында бес алтын медальға ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін пара дзюдошылар Бексұлтан Құлмырза мен Ибраһим Нұрмаханұлы Қазақстан қоржынына алтын медаль салған болатын.

Ал Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен Азия Пара ойындарының рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды,

Қазақстан қоржынында пара оқ атудан да бір алтын бар. Оны 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде 249,1 ұпай жинап, бірінші орын иеленген Еркін Ғаббасов әкелді. Бұл нәтиже Азия Пара ойындарының жаңа рекорды болып тіркелді. Сонымен қатар Еркін Ғаббасов Лос-Анджелес 2028 Паралимпиада ойындарына жолдама алды.