Дэвид Аттенборо: Жер шары жарылудың аз-ақ алдында тұр
Аты әлемге әйгілі британдық натуралист, тележүргізуші сэр Дэвид Аттенборо климаттың өзгеруіне байланысты жер шарына төніп тұрған қауіпті айтты. «Нағыз дағдарыс енді келді! Өйткені біз бүгін шешілуге тиіс мәселені қайта-қайта кейінге қалдырып келеміз» деді ол.
Алматы, NEGE. BBC арнасы осы мәселеге байланысты арнайы жоба дайындады. Аттенбородан сұхбат алып, климаттың өзгеруіне байланысты зерттеу жасады. «Дәл қазір Аустралияның оңтүстік-шығысында алапат өрт болып жатыр. Неге бұлай болды? Өйткені, жер шарының температурасы көтерілді. Жер шары жарылудың аз-ақ алдында тұр» дейді натуралист.
Аттенбороның пікірінше, саясаткерлер мен сарапшылардың «Аустралиядағы өртке жер температурасының қатысы жоқ» деген пікірі – нағыз сандырақ. «Бұл – адам қолымен жасалған апат».
Әлемдік саясаткерлер бос нәрсемен айналыспай, климаттың өзгеруіне көңіл бөлмесе, табиғи апаттар іркес-тіркес жалғаса береді. Бұл туралы Аттенборо былай деді: «Мұның ойын емес екенін түсінетін уақыт жетті. Бірімен-бірі сөз таластырып босқа уақыт өткізгенше, тез арада шешім қабылдамаса, бәрі кеш болмақ».