Деструктивті идеологиядан қорғанудың ең сенімді жолы – діни сауатты арттыру

Global Terrorism Index 2026 дерегіне сәйкес, Қазақстан террористік қауіп деңгейі нөлге тең елдердің қатарына енген. Индекс көрсеткіші – 0.000. Дегенмен ҚМДБ қауіптің алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстың тоқтамауы маңызды екенін алға тартады. Басқарма қауіпті идеологиядан қорғанудың 10 сенімді жолын ұсынды.

istockphoto.com

Астана, NEGE. Қоғамда діни экстремизм мен радикализм қаупі әлі де сейілмеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, мұндай деструктивті идеологиялар көбіне жалған ақпарат пен бұрмаланған діни түсініктер арқылы таралады. Осыған байланысты муфтият азаматтарды ақпаратты сүзгіден өткізуге шақырып, қауіптің алдын алудың нақты жолдарын ұсынды.

Басқарма дерегінше, ислам дінінің негізі – бейбітшілік, мейірім және адам өміріне құрмет. Сондықтан дін атын жамылған кез келген зорлық-зомбылыққа шақыратын немесе арандатушы идеялар оның шынайы қағидаттарына қайшы. Осы ретте діни сауатты арттыру – қауіптің алдын алудың басты жолдарының бірі.

Сарапшылардың айтуынша, әр адам дінді сенімді дереккөздерден үйреніп, күмәнді ақпаратқа сын көзбен қарауы тиіс. Әсіресе әлеуметтік желілерде таралатын діни мазмұндағы материалдардың барлығы бірдей шынайы бола бермейді. Мұндай жағдайда ресми имамдар мен білікті теологтардың кеңесіне жүгінген дұрыс.

Сонымен қатар радикалды ағымдар көбіне адамды қоғамнан оқшаулауға тырысады. Сондықтан отбасы және жақын ортамен байланысты үзбеу маңызды. Жақындармен ашық сөйлесу – күмәнді идеялардың алдын алатын негізгі тетіктердің бірі.

Ислам Маратұлының айтуынша, зорлық-зомбылықты ақтайтын кез келген әрекетке үзілді-кесілді қарсы тұру қажет. Дінді желеу етіп күш қолдану – қоғам үшін де, жеке адам үшін де қауіпті. Оның орнына мәселелерді бейбіт әрі заңды жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру маңызды.

Маман білімнің рөліне де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, діни және зайырлы білімді қатар меңгеру адамның ой-өрісін кеңейтіп, жалған идеологиялардың ықпалына түспеуіне көмектеседі. Сонымен бірге түрлі мәдениет пен дін өкілдерімен ашық диалог орнату толеранттылықты нығайтады.

Сарапшылар радикализмнің алғашқы белгілеріне де назар аударуға кеңес береді. Атап айтқанда, адамның мінез-құлқының күрт өзгеруі, қоғамнан оқшаулануы, агрессияның күшеюі қауіптің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, тиісті мамандардан немесе мемлекеттік органдардан көмек сұрау қажет.

Жалпы, мамандардың пікірінше, діни экстремизмнің алдын алу тек мемлекетке ғана емес, әр азаматқа да байланысты. Қоғамда өзара құрмет пен түсіністік қалыптасқанда ғана радикалды идеологияларға тосқауыл қоюға болады.

Қазір оқып жатыр

Алматыда жаппай төбелес кезінде екі оқушы көз жұмды

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына қаржы құйды

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қос азаматтығы болғанын мойындады

Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза көшеде еркін қозғалып жүр