Депутаттар портреті. Геннадий Шиповских. «Сары бала»
Кейіпкеріміз «сыртым орыс болса да, жүрегім қазақ» деп ұрандап, сөзге келгенде сүрінбейді, сөйлеуге келгенде тосылмайды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында шыңдалып, этносаралық татулық пен бірлікті нығайтуға үлес қосып, мінберге көтерілді.
Алматы, NEGE. Қазақтың «сары баласына» айналып, қазақ тілін жетік меңгерген депутат Геннадий Шиповских саяси ортаның бел ортасынан бір-ақ шықты. Ол – теміржол саласының маманы, кәсіби лицейді үздік тәмамдап, локомотив депосында көмекші машинист болып еңбек еткен. Әке-шешеден ерте айырылып, жетімдіктің кермек дәмін татып өскен. Шиповских сұхбаттарында өз өмірін «Голливуд фильміне» ұқсататындардың көп екенін айтып қалды. Депутаттың өмірбаянын оқып отырып, кино сценариіне бергісіз сәттердің көп екенін аңғару қиын емес.
Геннадий Шиповскихтың айтуынша, оның бойында төрт түрлі ұлттың қаны бар – орыс, беларусь, поляк және еврей. Қан жағынан қазаққа қатысы болмаса да, Шиповских өзін «нағыз қазақ» санайды. Өйткені ол тәрбиені қазақ отбасынан алған.
Алтынбек
Тағдырдың жазуымен жасөспірім кезінде Геннадий Шиповских жетім қалып, Қызылордадағы Макаренко атындағы балалар үйіне түседі. Бірақ бұл да оның өміріндегі соңғы аялдама емес еді. Кейіпкеріміз бір күні «өмірін өзгерткісі» келіп, балалар үйінен қашып кетеді. Ол өзінің бір сұхбатында «Жетімді ұрма, оны Құдай ұрған, ал сен кімсің, Құдайдың қасында?» дегені бар. Осылайша ол өзін-өзі асырау үшін мейрамханаларда брейк-данс билеп, көшеде түнеп, қара жұмыс істеп күнелтетін.
Қала сыртында жүргенде ол фермер Мұрат Насыровпен және оның жұбайы Баян Бимағанбетовамен танысады. Кейін олар, өздерінің бес баласы бола тұра, оны асырап алған. Көп ұзамай ол ислам дінін қабылдады.
Насыровтар әулеті Геннадийдің қазақша есім беріп, Алтынбек деп атаған. Асырап алған ата-анасы 17-ге келгенде азан шақырып қойған екен.
Гена өзінің өмірлік серігі ретінде де қазақ қызын таңдаған. Ата-анасы оған қалыңдықты қазақы дәстүр бойынша құда түсіп, әперген. Қазақша таза сөйлейтін Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің әйелі жұрттың сынына қалғаны бар.
@shipovskikh.g Ответ пользователю @zhanbo97n #рекомендации2022 #врек #реки #арғын #арғынныңқызы🥰😎 #сұрақ_жауап #ассамблеянародаказахстана #интернациональнаясемья #қазақтілі #қазақстанхалқыассамблеясы #қазақшасөйлесейік ♬ оригинальный звук - Шиповских Геннадий
Ұлты орыс азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қызы орыс тілінде сөйлейтін болып шықты. Бұл жағдайға таңырқай қарағандар бар. Десе де, тілге шешен Шиповских әйелінің не себепті қазақшаға шорқақ екенін түсіндіріп бергендей болды. Оған оның өскен ортасы әсер еткен-мыс. Олардың Алина есімді қызы әкесімен қазақ, ал анасымен орыс тілінде сөйлесіп, екі тілді қатар меңгеріп жатқан көрінеді.
Геннадий Шиповских көпшіліктен орысша сөйлейтін әйелін сынамауды сұрады. Дегенмен бұл бейнежазба көптеген оқырманға жақпай қалды.
«Шовинизм» айыбы
Бір кездері депутат Геннадий Шиповскихті «шовинст» деп айыптағандар да табылды. Ол оларға бірден үн қатып, орнына қойғандай болды.
«Бұл кісі мені шовик деп жатыр екен. Бірақ мен шовинист емеспін. Өзімді әрдайым қазақ деп санайтын азаматпын. Мен қазақтар арасында өстім, қазақтар мені көтерді. Қазақ тілінің арқасында көп жетістіктерге жеттім. Қазір де қазақ тілінің арқасында халық арасында сыйлы болып жүрмін. Мен шовик емеспін, мен нағыз қазақстандықпын. Сыртым орыс болса да, жүрегім қазақ. Сондықтан ондай әңгіме айту – артық», – деген еді Геннадий Шиповских.
Ассамблеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзі Геннадийдің «жұлдызын» жақты. Сол кезде ол қазақ тілінде Нұрсұлтан Назарбаевқа өз көзқарасын және «Мәңгілік Ел» идеясын қалай түсінетінін мүдірмей айтып бергені бар.
Депутаттық өмір
Генаның қазақ тілін жетік меңгеруі – оның саясатта өрлеуіне жол ашты. Тіпті ол өзінің алдымен қазақша ойланатынын да жасырмайды. Ол 2016 жылғы наурыздан бастап – алтыншы сайланған Мәжілістің ең жас депутаты, сол кездегі «Нұр Отан» фракциясының мүшесі болды. 2021 жылғы 15 қаңтардан бастап жетінші сайланған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі атанды. 2023 жылы Геннадий Шиповских мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды.
Геннадий Шиповских TikTok әлеуметтік желісінде белсенді. Сол себепті оның интернет жылдамдығына көңілі тола бермейтін көрінеді. Депутат кешқұрым кино көрмек болса, оның жүктелуі ұзақ уақыт алатынын, тіпті TikTok-та стримде отыру мүмкін емес екенін айтады.
«Таңғалам. Астанамыздың өзінде интернет сапасы тіпті төмен. Ауыл-аймақтарды айтпаса да түсінікті шығар. Жағдай өте мүшкіл», – деген еді журналистерге берген сұхбатында.
Тіпті, стример депутат бір кездері Сенаттың жалпы отырысында TikTok-ты Қазақстанда жауып тастауды ұсынды. Бәлкім, интернет сапасы нашар, стримде отыру мүмкін емес болып кеткендіктен солай деген шығар? Кім білсін?
Өз сөзінде балалардың психикасы мен жалпы денсаулығына теріс әсер ететін, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялылығына қауіп төндіретін бейнекөріністер платформада кеңінен таралып жатқанын айтқан. Депутат Франция, Канада, Қырғызстан сияқты көптеген елдер TikTok-ты пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдағанын да атап өтеді. Ол 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керектігін ұсынған. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраған.
Шиповскийдің депутат ретінде мінберде көтерген мәселелерінің дені – блогерлер мен әлеуметтік желілерге тікелей байланысты. Дұрыс та шығар? Уақытымыздың тең жартысы әлеуметтік желіні ақтарумен өтіп жатыр ғой. Сенат депутаты Геннадий Шиповских әлеуметтік желілердегі жарнамаға көңілі толмайтынын ашық айтты.
Әлеуметтік желіге кірсең, бір сәтте есірткі, алкоголь, онлайн-казино, порнография жарнамалары мен «керемет өнімдер» – арықтататын қоспалар, гормондар, иммунитет күшейтетін құралдар – бәрі алдыңнан шыға келеді.
«Блогерлер мен инфлюенсерлер миллион табыс табады, ал қарапайым адам – қаржы пирамидасына алданып, жалған тауар алып, кейде тіпті денсаулығына қауіп төндіріп алады», – дейді депутат.
Сонымен қатар, сенатор Геннадий Шиповских 2024 жылғы 1 ақпандағы депутаттық сауалында құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлер мен танымал тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуді талап етті.
«Егер компания үйді белгіленген мерзімде тапсырмаса, онда үлескерлерге жалдау ақысын төлеу міндетін келісімшартта көрсету қажет. Сондай-ақ мұндай құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлер мен танымал тұлғалардың жауапкершілігін арттыру керек. Олар тұрғын үйді жарнамалайтын компаниялардың сенімділігіне толық көз жеткізуі тиіс», – деді Шиповских.
2026 жылы сенатор блогерлерді, инфлюенсерлерді және онлайн-платформаларды тағы да қатаң сынға алды. Оларды Қазақстан азаматтарына тікелей зиян келтіретін контентті таратуда деп айыптады. Оның айтуынша, мұндай контент авторларына миллиондаған қаралым мен тұрақты табыс әкеліп отыр.
Сенаттағы сөзінде депутат Қазақстанның әлеуметтік желілер сегментінде қауіпті орта қалыптасқанын атап өтті. Онда зиянды әрі агрессивті контент белсенді түрде монетизацияланып, оның салдары қарапайым қолданушыларға тиіп жатыр.
Әлеуметтік желідегі мәселелерден бөлек, сенатор Геннадий Шиповских Алматы маңындағы аса қауіпті қылмыскерлерді оқшаулайтын психиатриялық ауруханаға ерекше мәртебе беруді талап еткен болатын. Оның айтуынша, террористер, педофилдер мен каннибалдар қамалатын қатаң режимдегі мекеменің жағдайы мүшкіл және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін.
«Бұл тек медициналық мәселе емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Себебі мұнда аса қауіпті қылмыскерлерді бақылау туралы сөз болып отыр», – деді сенатор.
Сонымен қатар ол жастардың микрокаржы ұйымдарынан оңай несие алуын шектеуді және несие рәсімдеудің ең төменгі жасын 21-ге көтеруді ұсынды. Жалпы, есірткі, жезөкшелік, онлайн-казино және порнографиялық сипаттағы жарнамаларға тыйым салу – Шиповскихтің көтеріп жүрген негізгі мәселелерінің бірі.
Депутат Шиповских 2022 жылы 33 жасында президенттің қолынан «Құрмет» орденін алған еді. Мінберден сөз алған депутат мемлекет басшысына ерекше алғысын білдірді:.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақтың: «Аз да бітер, көп те бітер, Татулыққа не жетер?» деген жақсы сөзі бар. Сіз күллі қазақстандықтарға татулық пен бейбітшілікті сыйлап жатырсыз. Сол үшін сізге үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Өзіңіз де білесіз қазақта «3» саны да киелі. Яғни, үш бар жерде – күш бар дейді қазақта. Бүгін менің туған күнім, 33 жасқа толып отырмын. Осы күні өзіңіздің қолыңыздан «Құрмет» орденін алу – үлкен мәртебе», – деді Шиповских.
@shipovskikh.g «Құрмет» орденінің иегері Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских. Кавалер ордена «Құрмет» депутат Мажилиса Парламента Геннадий Шиповских. t.me/bort_01
♬ оригинальный звук - Шиповских Геннадий
Араға төрт жыл салып депутат Геннадий Шиповских Президенттің қолынан «Парасат» орденін алды. Бұл марапат республиканың рухани және интеллектуалдық әлеуетін дамыту мен арттыруға зор үлес қосқан, сондай-ақ адам құқықтары мен оның әлеуметтік мүдделерін қорғау жолында белсенді қызмет атқарған азаматтарға беріледі.