Депутаттар Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құруға келісім берді
16 қыркүйекте өткен Құрылтай отырысында депутаттар Қоғамдық палата құру туралы шешімді мақұлдады.
Астана, NEGE. Депутат Айдос Сарымның мәлімдеуінше, Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңы болмақ.
«Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу болуы керек. Мұны заң жобасын әзірлеудің бастапқы кезеңінде, яғни "нөлдік оқылым" сатысында өткізу принципті түрде маңызды. Бұл кезеңде заң жобасының негізгі ережелерін нақты талқылап, қажет болған жағдайда оларды түзетуге және толықтыруға мүмкіндік болады», – дейді ол.
Қоғамдық палата құрамына партия өкілдерінен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан бастап өзге де маңызды ұйымдар өкілдері мен сарапшылардан тұратын 50 адам енгізілмек. Әрі палата құрамына мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерін тарту да көзделген. Олар Құрылтай базасына кіріп, өз ұсыныстарын тікелей жіберетін мүмкіндікке ие болмақ.
«Басты мәселе – заңның сапасын арттыру, заң төңірегіндегі пікірлер алуандығын қамтамасыз ету. Сол арқылы қоғамға пайдалы заңдар легін қалыптастыру», – деп атап өтті депутат.
Бұл ретте депутат Қоғамдық палатаны талқылау өткізуге арналған тағы бір қосымша алаң ретінде қарастырмау керек екенін айтылды. Бұл институт маңызды заңнамалық бастамалар бойынша балама ұстанымдар, ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала ескеруге мүмкіндік бермек.
Бұл ретте қоғамда «Қоғамдық палата мүшелері заң жобасын қарау барысында қандай да бір тараптың мүддесін лоббилеумен айналысып кетпей ме?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген депутаттар Қоғамдық палата әлдекімнің өз мүддесін ілгерілететін алаңына айналмайтынын айтып, сендірді.
«Біріншіден, біз әртүрлі сала мен түрлі қауымдастықтардың сарапшыларын олардың белгілі бір мәселе бойынша пікірін білдіріп, ұстанымын таныстыруы үшін тартамыз. Алайда Қоғамдық палата біреудің өз мүддесін ілгерілететін алаңға айналмауы керек. Сондықтан әртүрлі саланың сарапшыларын шақырып, пікірталас ұйымдастырамыз. Әртүрлі көзқарас айтылып, пікірталас болған кезде ғана шынайы шешімге келуге болады», – деп жауап берді бұл сұраққа депутат Тілектес Адамбеков.
Қоғамдық палата Халық кеңесінің міндеттерін қайталамай ма?
Депутат Айдос Сарымның түсіндіруінше, Халық кеңесі – Конституция мен конституциялық заңда өкілеттігі бекітілген конституциялық орган. Ал Қоғамдық палата заңнаманы жетілдіруге және депутаттар мен Үкімет ұсынған заңдардың іске асырылуын талқылауға бағытталған.
«Қоғамдық палата – Құрылтай үшін анағұрлым қолданбалы институт. Ол біздің жұмысымыздың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Спикердің пікірінше, сарапшылардың екі алаңға да қатысуы міндетті емес. Дегенмен Қоғамдық палата Халық кеңесінің жұмысын қайталамайды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы жұмыс істеген болатын. Қоғамдық палата сол алаңдар аясында жинақталған озық тәжірибенің жалғасы болмақ.