Депутаттар клиникалық психологтар мен педагог-ассистенттердің жалақысын көтеруді ұсынды
Құрылтай депутаттары психикалық денсаулық саласындағы мамандар мен педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеу тәртібін өзгертуді ұсынды.
Астана, NEGE. Депутат Лариса Лидің айтуынша, елімізде психикалық денсаулық, балаларды оңалту және ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау салаларында шамамен 12 мың маман жұмыс істейді. Дегенмен олардың жалақысы жұмыс істейтін мекемесіне және еңбекақы есептеу жүйесіне қарай әртүрлі.
«Бір пациентке көмек көрсететін, бірақ кәсіби мәртебесі әртүрлі мамандардың жалақысында айтарлықтай айырмашылық болуы мүмкін. Психикалық денсаулық саласында есепте тұрған азаматтардың саны 300 мыңнан асады, ал тиісті бағыттағы әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарға арналған штаттық бірлік саны шамамен 163», – деді Лариса Ли.
Осыған байланысты депутат денсаулық сақтау ұйымдары мен оңалту орталықтарындағы беймедициналық мамандардың мәртебесін нақтылауды ұсынды. Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, олардың еңбекақысын көтеріп, қосымша төлемдер белгілеуге қажетті қаржыландыру көздерін қарастыру қажет.
Педагог-ассистенттердің жалақысы мен жұмыс уақытын реттеу керек
Ал депутат Айнагүл Балташева ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен жалақысын есептеу мәселесін көтерді.
Депутаттың сөзінше, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердегі олқылықтар өңірлерде педагог-ассистенттердің жұмыс уақытын әртүрлі есептеуге әкеліп отыр. Бұған дейін олардың еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған.
«Педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау. Біз баланың болашағына қамқорлық жасауды оның жанындағы маманның еңбегін әділ бағалаудан бастауымыз керек», – деді Айнагүл Балташева.
Депутаттың пікірінше, педагог-ассистенттердің апталық жұмыс уақытын нақты белгілеп, оны есептеудің барлық өңірге ортақ тәртібін енгізу керек. Сондай-ақ баламен жұмыс істеуге кететін уақытты басқа міндеттерден бөлек есептеу қажет.