22 октября 2025 г. 12:28

Депутаттар 2026 жылы өңірлерді дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлуді ұсынды

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков 2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы қосымша баяндама жасап, бұл жаңа Бюджет кодексінің нормаларына сай жасалған алғашқы құжат екенін атап өтті.

Алматы, NEGE. Оның басты ерекшілігі – Ұлттық қордан мақсатты трансферттердің қарастырылмауында. Мәжіліс депутаттары құжатты талқылау барысында жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асатын 130-дан астам түзету ұсынған. Олардың бір бөлігі шығыстарды нақтылауға, қалғаны инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қосымша қаржы бөлуге бағытталған.

Сонымен қатар Ұласбек Сәдібеков депутаттар 2026 жылы Үкімет резерві есебінен өңірлерді дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлуді ұсынғанын айтты. Бұл қаражатты жылу және электр энергетика салаларын, газ және сумен жабдықтауды дамытуға және өзге де бағыттарды ілгерілетуге жұмсау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, заң жобасына ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатымен 1 трлн теңгені қайта бөлу жөнінде түзетулер енгізілді.

Аталған қаржы отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығын техникалық тұрғыдан жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталатын болады.