Депутаттар 1 шілдеден бастап отставкаға кетуі мүмкін
Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өткеннен кейін Сенат және Мәжіліс депутаттарының өкілеттігі тоқтатылуы мүмкін.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасында айтылған.
Құжат жобасының 94-бабында республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетіні атап өтілген. Осы сәттен бастап 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституция өз күшін жояды.
Бұған қоса республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланатыны айтылған.
Референдум өткен жағдайда, Парламент өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады. Бұл туралы 95-бапта жазылған.
«Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс және ол екі ай ішінде өткізілуі тиіс», – делінген құжатта.
Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Президент Құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындауға тиіс.
Еске сала кетейік, 15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады.