Депутатқа қатысы бар кәсіпорында қаза тапқандардың отбасына жыл соңына дейін жалақы төленеді
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жазатайым оқиға салдарынан алты қызметкері қаза болған «Aqtogai Milk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Өңір басшысы қаза болған азаматтардың жақындарымен кездесіп, көңіл айтып, жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік таратқан фотосуреттерден әкімнің жанынан Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі осы кәсіпорынның бас директоры Александр Терентьевті де көруге болады. Ал ресми деректерде кәсіпорынның құрылтайшысы әрі басшысы ретінде Инна Терентьева көрсетілген. Сірә, ол оның жұбайы болса керек.
Александр Терентьев кәсіпорын тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек берілетінін мәлімдеді.
Асайын Байхановтың айтуынша, оларға мемлекет тарапынан да, жұмыс беруші тарапынан да кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, арнайы материалдық көмекпен бірге, жыл соңына дейінгі жалақы төленеді. Бұған қоса несиелерін өтеуге жәрдем көрсетіледі.
Сондай-ақ компания марқұмдардың кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа дейінгі күтімі мен білім алуына қажет барлық шығынды өз мойнына алады.
Асайын Байханов Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментіне, Полиция департаментіне және прокуратураға аталған оқиғаны тергеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Уәкілетті органдар қайғылы оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтап, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жол берген кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуға міндеттелді.
Еске салсақ, Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы «Aqtogai Milk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қайғылы жағдай болды. Кәсіпорындағы кәріз құдығына орнатылған электр сорғысындағы ақауды жою кезінде алты адам қаза тапты. Тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Полиция қызметі қылмыстық іс қозғады.