Депутат Қайрат Құдайберген ұсталды
Кеше түнде Алматы қалалық мәслихатының депутаты, бизнесмен қайрат Құдайберген ұсталды. Оған «Қаңтар бүлігіне қатысты және ұйымдастырды» деген айып тағылған.
Алматы, NEGE. Мәслихат депутатының ұсталғанын ең бірінші Kozachkov offside телеграм каналы хабарлаған. Депутаттың ұсталғанын бүгін таңертең Бас прокуратура растап, ресми мәлімдеме дайындалып жатқанын айтты.
Қаңтар оқиғасына қатысты істі бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр.
Естеріңізге салайық, Қ.Құдайбергенді ақпанда алғаш рет тергеуге куәгер ретінде шақырған. Ол кезде депутат Дубайда демалып жатқан. Тергеу органының Қ.Құдайбергенге қояр сұрағы көп болуы мүмкін. Құдайбергеннің «Дикий Арманмен» қандай байланысы бар? 4-7 қаңтар аралығында қайда болды? Немен айналысты?
Әлеуметтік желіге Қ.Құдайберген былай деп жазған: «6 қаңтар күні күндіз Арманмен (А.Жұмагелдиев) алаңда кездестік. Адамдарды сабырға шақырдық. Ол тек митингіні бейбіт өткізуге, билікпен келіссөз жүргізуге шақырды.
Мен бауырларыма хабарласып, шамамен 70 адамдық команда жинадым, оларға менің бауырымның достары қосылды. біз 200-ден астам адам болдық. Алаңға қайта келгенімізде арандатушылар Арманға тас, бөтелке, таяқ лақтыра бастады. Мені ол жерден алып шықты, Арманды соққыға жықты. Біреу артынан келіп, басынан таспен ұрған. Арманмен бірге жүрген жігіттердің қарапайым халықты қорғағанын көрдім. Арман ерлік жасады...»