Депутат жүрек ауруларының алдын алу үшін скринингті 18 жастан бастауды ұсынды
Қазақстанда жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтап, асқынудың алдын алу үшін пациенттерді бақылау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл мәселені Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Данбаева денсаулық сақтау министріне жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, пациентті есепке алу ғана жеткіліксіз. Оның емді тұрақты қабылдауын және денсаулық жағдайындағы өзгерістерді бақылау маңызды. Осыған байланысты ол 18 жастан бастап скрининг жүргізуге арналған жасанды интеллект бағдарламаларын және пациенттердің жағдайын қашықтан мониторингтеу жүйесін енгізуді ұсынды.
Qazaq Expert Club сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиева да аурудың алдын алу тек тексерумен шектелмеуі керек деп есептейді.
«Басты мәселе – қанша адамды тексергенімізде емес, тексеру нәтижесінде қанша адамның денсаулығын сақтап қалғанымызда және аурудың асқынуына жол бермеуімізде», – деп атап өтті сарапшы.
Айта кетейік, Қазақстанда қанайналым жүйесі аурулары бар 1,9 миллион пациент диспансерлік есепте тұр. Сонымен қатар кардиолог тапшылығы мен дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті.