Жаңбыршин: Жаңа норма ЛГБТ болуға емес, оның насихатына тыйым салады
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин өздері жақында қабылдаған заң нормалары ЛГБТ өкілі болуға емес, оны жария түрде насихаттауға шектеу қоятынын айтты.
Астана, NEGE. Депуаттың сөзінше, Қазақстанда ЛГБТ өкілі болуға ешқандай тыйым жоқ.
«ЛГБТ өкілі болғаны үшін ешкімді түрмеге жаппайды, ешкімге айыппұл салмайды. Ол – әркімнің жеке таңдауы. Бірақ, егер сіз сол ұйымның өкілі екеніңізді жариялап, сол ұйымға шақырып, насихат жүргізіп, әртүрлі семинарлар, курстар, акциялар өткізіп, митинг, пикеттер ұйымдастырып, әлеуметтік желіге немесе БАҚ-қа шығып, сол ұйымның символикаларын қоғамға насихаттайтын болсаңыз, бұған заңмен тыйым салынады», – деді депутат.
Айтуынша, ЛГБТ-ны насихаттайтын арнайы ойыншықтар дайындауға, кино, мультфильм, деректі фильм түсіруге де болмайды. Бірақ мұны сөз бостандығын шектеумен шатастырудың керегі жоқ, дейді Еділ Жаңбыршин:
«Біз гетерсексуал екенімізді насихаттамаймыз ғой. Акция ұйымдастырып, пикет өткізбейміз. Гетеросексуалмыз деп митинг ұйымдастырмаймыз. Сондықтан, өзіңіздің жеке ұстанымыңызды насихаттаудың қажеті жоқ».
Жаңбыршин ЛГБТ-ны заңдастырған елдерде туу көрсеткіші өте төмен екенін мысалға келтірді.
«Өсім тұрақты болу үшін ата-ана 2 баланы дүниеге әкелу керек. Демографиялық өсім болу үшін отбасында кемі 3 бала болу керек. Ал, біржынысты неке көптеп таралып кетсе, бізде үлкен мәселе болады. Сондықтан, бұл – Ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді ол.
Жаңбыршиннің айтуынша, жаңа заң нормалары бойынша ЛГБТ насихаты үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған: айыппұл салынады, ал егер әрекет қайталанса, 10 күнге қамауға алу мүмкіндігі бар.