Депутат: ҰБТ-дағы өзгерістер оқушыларға қосымша стресс әкелуі мүмкін

2027 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуді бір мәрте тапсыру форматына қайта көшіру жоспарланып отыр. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева бұл реформаның мектептер мен түлектерге артық күш түсіруі мүмкін екенін айтты.

sheridanmentoring.com

Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева мемлекеттік грантқа түсу үшін ҰБТ-ны бір рет тапсыру мүмкіндігін қайтару бастамасын қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, грант кез келген талапкерге оңай беріле салатын дүние емес, бәсекеге негізделген жетістік болуы тиіс.

Алайда ол мұғалімдер мен оқушыларды жаңа талаптарға бейімдеуге бір жыл жеткіліксіз болуы мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ тестілеу форматының жиі өзгеруі түлектердің психологиялық жағдайына кері әсер етіп, стресс тудыруы ықтимал екенін ескертті.

«Тұрақтылық мәселесі бар. Біз әлі күнге дейін жүйелі, алдын ала болжанатын саясат қалыптастыра алмай отырмыз. Мысалы, 2027 жылы ҰБТ-ға тағы өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бір жағынан бұл дұрыс, бірақ мектептер бір жылдың ішінде соған дайын бола ала ма деген сұрақ туындайды. Меніңше, мұндай өзгерістер оқушылар мен түлектерге қосымша стресс тудыруы мүмкін», – деді депутат.

Соңғы жылдары ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы тестілеу ақылы бөлімге түсуге арналған. Ал мамыр–шілде аралығында өтетін негізгі ҰБТ-ны талапкерлер екі рет тапсыра алады. Олар білім гранты конкурсына қатысу немесе ақылы бөлімге түсу үшін осы екі сертификаттың бірін таңдайды.

Енді ҰБТ-ны грант конкурсына қатысу үшін тек бір мәрте ғана тапсыру жүйесіне қайта көшіру ұсынылып отыр. Бұл шешім грант бөлу кезінде әділдік пен объективтілікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар талапкерлердің дайындалуына мүмкіндік беру үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.

Болашақ мұғалімдерді іріктеу талаптары да күшейтілмек. Енді педагогикалық мамандықтарға түсу үшін тек тест нәтижесі жеткіліксіз болады. Тестілеумен қатар арнайы емтихандар енгізіліп, талапкерлердің сыни ойлау, талдау және коммуникациялық дағдылары бағаланады.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы шартты түрде қабылдау тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Себебі мұндай жолмен қабылданған студенттердің едәуір бөлігі оқу барысында қажетті шекті балды жинай алмайтыны анықталған.

Қазір оқып жатыр

Депутат Жаңбыршин қызына қатысты қауесетке пікір білдірді

Мотокросстан Қазақстан Республикасы Чемпионаты өтеді

Сарбаз Қазыбек Оспановтың қазасына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Астанада тұрғын үй кешенінің төбесінен құлап кете жаздаған жігіт қамауға алынды