4 ноября 2025 г. 17:48

Депутат тоқал алуды заңдастыруды ұсынды

Фото: видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан тоқал алуды заңмен реттеу керек деп мәлімдеді. Депутат бұл туралы журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында айтты.

Астана, NEGE. Абзал Құспанның сөзінше, бұрын ер адамдар ағасының жесірін немесе жалғыз қалған әйелді қамқорлығына алу үшін екінші жар еткен болса, қазір бұл дәстүрдің мәні өзгерген. Көп жағдайда ер адамдар «құтырғаннан» жап-жас қыздарға үйленіп жатыр.

«Мен құбылыс ретінде бұған қарсымын. Бірақ мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңды тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан мұны заңдастыру керек деп есептеймін. Тоқалдықты заңмен реттеу қажет», – деді депутат.

Абзал Құспанның пікірінше, ең алдымен қоғам өз көзқарасын білдіріп алғаны жөн, содан кейін ғана заңгерлер оның тетіктері мен жүйесін әзірлеуге кіріседі. 

Оның айтуынша, тоқал алуды заңдастыру әйелдердің құқықтарын қорғау үшін де маңызды.

«Егер біз әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқал ешқандай құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. Алимент те ала алмайды. «Дүние алып бер, баламның жағдайын жасап бер» деп ол заң жүзінде талап ете алмайды. Қашанғы біз осыған көз жұмып қарап отыруымыз керек? Ең болмағанда, осы себепке байланысты бұл мәселе заңдастыруды қажет етеді», – дейді Абзал Құспан.