Депутат «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды
AMANAT фракциясының депутаты Талғат Адамбеков премьер-министр Олжас Бектеновке «Таза Қазақстан» бастамасын күшейту және институцияландыру туралы ұсыныспен депутаттық сауал жолдады.
Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасы қазірдің өзінде еліміздегі ең ірі қоғамдық жобалардың біріне айналды және ол бірреттік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастырудың элементі ретінде қабылдануда.
Талғат Адамбеков өз сауалында референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясында табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығы аталып өткенін жеткізді.
Ол Үкіметтің экологиялық жағдайды жақсартуды, инфрақұрылымды дамытуды және өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткенін еске салды.
Осыған байланысты депутат «Таза Қазақстан» принциптерін барлық партиялардың саяси бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынды.
«"Таза Қазақстан" саяси идеология емес, барлығын біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс», – делінген сауалда.
Сонымен қатар депутат бастаманы іске асыру үшін жалпыұлттық қозғалыс немесе тұрақты жұмыс істейтін штаб құруды ұсынды. Оның пікірінше, «Таза Қазақстан» идеясы қоғамды ұйыстыруда зор әлеуетке ие.
Бұдан бөлек, ол бастама аясындағы жобалар мен іс-шаралар туралы ақпаратты тарату үшін арнайы цифрлық платформалар мен сайттарды іске қосу қажет деп санайды.
Депутат не ұсынады?
Адамбеков қазіргі уақытта негізгі экологиялық акциялар көбіне көктем мен күзде өткізілетінін атап өтті. Осыған байланысты ол жылдың басқа мезгілдерінде де ауқымды экологиялық жобаларды ұйымдастыруды ұсынды.
Оның пікірінше, қоқыс тазалау, сондай-ақ табиғи және тарихи нысандарды әр түрлі жазулар мен граффитилерден тазарту бойынша акцияларды жүйелі түрде өткізіп тұру қажет.
Сонымен қатар, депутат ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін жаңбыр мен еріген қар суын жинау, тазарту және сақтау жүйелерін дамытуды ұсынды. Сондай-ақ, елді мекендер арасындағы автожолдардың бойында көпжылдық ағаштардан «жасыл дәліздер» құру керек деп есептейді. Адамбековтің пайымдауынша, мұндай орман алқаптары қыста қардың басуын азайтуға және трассалардың жабылу жиілігін қысқартуға көмектеседі.