Депутат судьяларға қатысты талаптарды күшейту керектігін айтты
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы судьялардың іс-әрекетіне қатысты талаптарды күшейту керектігін айтты.
Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтың айтуынша, соңғы уақытта сот жүйесіне, әсіресе судьялардың әрекеттеріне қатысты шағымдар көбейіп келеді.
Қолданыстағы «Судьялардың мәртебесі және сот жүйесі туралы» заңға сәйкес, судьяларға бірқатар ерекше кепілдіктер берілген. Алайда депутаттың пікірінше, бұл кепілдіктер сот төрелігінің тәуелсіздігін қорғаудың тетігіне емес, жауапсыздық пен шексіз еркіндік құралына айналып отыр.
«Соның бір мысалы – мас күйінде көлік жүргізген судьяның полицияға ұсталғанымен, қарапайым азаматтар сияқты қамауға алынбай, үйіне жіберілуі», – деп жазды депутат.
Оның айтуынша, мұндай оқиғалар қоғамда сот билігіне деген сенімсіздік тудырады. Сондықтан ол «Судьялардың мәртебесі және сот жүйесі туралы» заңға өзгерістер енгізіп, судьяларды жауапкершіліктен іс жүзінде босататын нормаларды алып тастауды ұсынды.
Депутаттың сөзінше, сот билігіне қатысты заңдарға, қажет болған жағдайда Конституцияға да өзгерістер енгізу қажет. Бұл – заңды ашық бұзып, оқиға орнында ұсталған немесе қоғамға қауіпті әрекет жасаған кез келген тұлғаға, соның ішінде судьялар мен депутаттарға да, ерекше мәртебелік артықшылықтар қолданылмауы үшін керек.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Асель Досаева мас күйінде көлік жүргізгені туралы ақпарат тараған.