4 февраля 2026 г. 11:10

Депутат: Шетелдіктерге ешкім жер сатқалы жатқан жоқ

Фото: ҚР Парламент Мәжілісі

Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілердегі «жаңа Конституция жобасы шетелдіктерге жер сатуға жол ашады» деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайтынын айтты.

Астана, NEGE. Оның мәлімдеуінше, ел айтып жүргендей, жаңа Конституция бойынша Президент пен Құрылтай жерге қатысты өз қалауынша шешім қабылдай алмайды.

«Қоғамда қауіпті фейк өршіп барады. Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратта "жаңа Конституция жобасы жерді шетелдіктерге, шетел азаматтарына және халықаралық ұйымдарға сатуға жол ашады" деп көрсетілуде. Сонымен қатар Конституция жобасында Президент пен болашақ Құрылтай жерге өз қалауынша билік ете алады деген тезис айтылуда. Бұл – барып тұрған өтірік, бұл – анық әрі әдейі таратылған жалған ақпарат», – дейді Бақытжан Базарбек.

Оның сөзінше, негізгі заң жобасында жерді шетел азаматтарына сатуға немесе қолданыстағы шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін нормалар жоқ.

«Барынша нақтылап айтайын: қазіргі Конституция жобасында жерді сатуға мүмкіндік беретін немесе қандай да бір тыйымды жоятын бір де бір норма жоқ. Оның үстіне Конституцияның 6-бабының қазіргі редакциясы еш өзгеріссіз Конституцияның 8-бабына негіз болды. Түсінікті болу үшін мынаны оқып берейін: "Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін"», – деп атап өтті депутат.

Депутат жерді сату туралы әңгімелердің бәрі не құқықтық сауатсыздықтың көрінісі, не манипуляция болуы мүмкін екенін айтады.

«Тарих бізге мына қарапайым ережені үйретеді: "Дәлелдер жоқ болса, сыбыстар тарайды". Бүгінде біз дәл осыны көріп отырмыз. Адамдарды Конституция мәтінінде жоқ нәрселермен қорқытуда. Бұл кімге тиімді екені сұрақ тудырады, оған қоғам әлі жауап алады. Бірақ қазір бір нәрсе айқын: мұның құқыққа да, халыққа көрсетілген қамқорлыққа да еш қатысы жоқ. Құзырлы органдар мұндай ақпараттық шабуылдардың шығу тегі мен мақсатына тиісті бағасын береді деп сенемін. Ал енді фейк авторлары қандай да бір себеппен "ұмытып кеткен"  басты нәрсе – ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге тыйым Жер кодексімен, нақты айтқанда оның 24-бабымен реттеледі. Жаңа Конституция жобасы бұл тыйымды жоймайды, әлсіретпейді және қайта қарастырмайды», – деп мәлімдеді Бақытжан Базарбек.

Ол ауылшаруашылығы жерлерін шетелдіктерге заңсыз беру деректері жауапсыз қалмайтынын, сондай-ақ Президенттің тікелей тапсырмасы аясында жер қатынастары саласында жүйелі әрі қатаң тәртіп орнатылып жатқанын атап өтті.