Депутат: Санжар Боқаевқа тағылған айып бойынша бас бостандығынан айыру жазасы көзделген
Белсенді әрі блогер Санжар Боқаевқа қатысты іс қоғамда қызу талқыланып, көпшілік оның босатылуын талап етіп жатыр. Мәжіліс депутаттары бұл мәселенің ақ-қарасы анықталмай, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеруі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, прокуратура тек әрекетті ғана емес, оның астарын, яғни «мотивін» де зерделейді.
«Белгілі бір топтың заңға қайшы әрекетке барғаны айтылуда. Бірақ айып тағылып отырған тараптың дәлелдері қаншалықты негізді, соны құқықтық жүйе толық саралауы керек. Одан кейін ғана қандай да бір қорытынды жасауға болады. Жалпы тергеу кезінде бұлай пікір білдіруге болмайды», – деді Сайыров.
Ал мәжілісмен Абзал Құспан тергеудің әділ әрі объективті өтуін тілейді.
«Сіздер сияқты біз де сол ақпаратты көрдік, басқа дерек білмеймін. Оны қамауға жеткілікті негіздер құқық қорғау органдарында болған шығар. Оның барлығын Қылмыстық кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес толық жариялай бермейді ғой. Негізі бұл мәселе бойынша пікір айту қиын. Ең бастысы тергеу амалдары объективті түрде жүргізілсе деген тілек бар»,– деді депутат.
Ол сондай-ақ, Санжар Боқаевқа тағылған айыптар бойынша заң бойынша бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін айтты.
«Жаза қоғамға келтірілген зиянның ауырлығына байланысты белгіленеді, бас бостандығынан айыру жазасы да тағайындалуы мүмкін. Алайда нақты мерзімді тек сот шешеді. Қылмыстық кодексте 3 жылдан 10 жылға дейін, кей жағдайларда 5 жылдан 10 жылға дейінгі белгіленетін мерзімдер көрсетіледі ғой жалпы. Бұл нақты санжар Боқаевқа ғана қатысты емес, жалпы осындай айып тағылғандарға заң аясында қолданылатын жаза», – деді депутат.
Депутаттар бұл істегі куәгерлер сөзіне қатысты, тергеу барысына байланысты артық ешқандай пікір білдіре алмайтынын жеткізді.
Тергеу мәліметінше, Санжар Боқаев «әлеуметтік желілерде қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында жалған ақпарат таратты» және «аса ірі көлемдегі қаражатты алаяқтық жолмен жымқырды» деген күдікке ілінген.