4 марта 2026 г. 11:47

Депутат Ресей жағында соғысып жатқан қазақстандықтарға жұмсақтық танытуды ұсынды

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарды ұзақ мермізге соттаудың орнына, оларға шартты немесе бас бостандығын шектеу сияқты жеңіл жазалар кесуді ұсынды.

Астана, NEGE. Депутаттың бас прокурор мен ішкі істер министрінің атына жолдаған сауалында Қылмыстық кодекстің шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу бабы бойынша тіркелген қылмыстық істер саны жыл сайын артып бара жатқаны атап өтілген: 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы 141 іс тіркелген. 2025 жылы тіркелген істер бойынша 26 азамат сотталған.

Оның мәлімдеуінше, түрлі тараптар қарулы қақтығыстарға адам тарту үшін жалдау, алдау және үгіттеу тәсілдерін белсенді қолдануда.

«Әлемдегі әскери қақтығыстың ушығуы азаматтарды арбау әрекеттерінің де еселеп артқанын аңғартады.

Ал қателігін түсініп, Отанға оралған азаматтың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның толыққанды қоғамға қайта бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін», – дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат қарулы қақтығыс аймағына ешкім ажал іздеп себепсіз бармайтынын алға тартты. Бірі әлеуметтік қиындық салдарынан, бірі адасу немесе алдану арқылы, енді бірі мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін.

«Осындай жағдайға тап болғандардың дені "табысты жұмыс табамыз" деген үміттің жетегінде жүріп ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта, шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап, ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады.

Алайда өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр», – дейді ол.

Халықаралық тәжірибеде бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамындағы ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс ретінде қарастырмайды.

Қатаң жауапкершілік, негізінен, террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады.

«Осы ретте, халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз. Білместікпен бір сүрінген азаматтарымызды елден ерек қатаң жазаға тарту қаншалықты орынды?!», – дейді мәжілісмен.

Осыған байланысты ол Қылмыстық кодекстің 170-172-баптарын жетілдіру және саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеуді, террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елімізге оралған азаматтарға шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе өзге де баламалы жазаны қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.