Депутат ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру жолдарын ұсынды
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында ауыл шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы мәселесін көтерді.
Астана, NEGE. Депутаттың мәлімдеуінше, жыл басында өңірлерде сайлаушылармен кездескенде, ауылдағы шаруалар агросектордағы ең өзекті әрі күрделі мәселенің бірі ретінде – кадр тапшылығын атаған. Әсіресе ауылдық аймақтарда малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном, зоотехник секілді мамандар жетіспейтіні айтылған.
«Бұл жағдай ауылдық жерлердегі тұрмыс деңгейінің төмендігімен, еңбекақы мөлшерінің жеткіліксіздігімен және әлеуметтік қолдау тетігінің әлсіздігімен тікелей байланысты», – дейді Қырықбаев.
Бұл мәселелер Жоғары аудиторлық палата есебінде де айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда, зейнетақы жарналары аударылмаған азаматтардың саны айтарлықтай көп.
«Бұл жағдай еңбек заңнамасының сақталу деңгейінде елеулі олқылықтар бар екенін көрсетеді. Мұндай үрдіс жұмыс берушілер тарапынан міндеттемелердің толық орындалмауы немесе бақылау тетіктерінің әлсіздігімен байланысты болуы мүмкін», – дейді депутат.
Оның айтуынша, кадр тапшылығы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Осыған байланысты депутат ауыл шаруашылығы саласына мамандарды тарту және оларды тұрақтандыру мақсатында кешенді әрі жүйелі өзгерістер енгізу қажет деп есептейді.
Үкімет Қазақстан 2028 жылға дейін негізгі азық-түлік өнімдері бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуді жоспарлап отыр. Алайда, депутаттың пікірініше, ауылдағы шаруалар көтеріп отырған кадрлық мәселені толыққанды шешпей, Қазақстан азық-түлік өнімдерімен 2028 жылға дейін өзін-өзі толық қамтамасыз ете алмайды.
Осыған орай Қырықбаев Жұманғариннен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мақсатында Үкімет тарапынан қосымша төлемдерді қарастырып, жергілікті бюджет есебінен арнайы субсидиялау бағдарламасын енгізуді сұрады.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтар үшін жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеуді және аграрлық колледждер мен жоғары оқу орындарында мақсатты гранттар санын ұлғайтып, шәкіртақы көлемін арттыруды ұсынды.