Вице-министр ұшақта шетел азаматына көмек көрсетті

Әуе рейсі кезінде денсаулығы күрт нашарлаған жолаушыға ұшақта болған денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов көмекке келді.

Видеодан скрин/ @densaulyk.zhambyl парақшасынан

Астана, NEGE. Оқиға Астана–Тараз бағытындағы әуе рейсінде болған. 

Ұшу кезінде 38 жастағы Ресей азаматының жүрегі айнып, қан қысымы көтерілген. Бортта медицина қызметкері болмағандықтан, ұшақта вице-министр бірден көмекке кірісті.

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Манас Рамазанов жолаушының қан қысымын өлшеп, қажетті медициналық көмек көрсетті.

«Вице-министр Тараз әуежайына жедел жәрдем бригадасын шақыртты. Ұшақ қонғаннан кейін жолаушы медицина қызметкерлеріне тапсырылып, әрі қарай тиісті медициналық көмек алуына жағдай жасалды», – деп хабарлады басқарма.

Басқарманың хабарлауынша, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектен кейін жолаушының жағдайы тұрақталды.