Денсаулық сақтау саласының үздігі Бақыт Түменова дүние салды
Белгілі дәрігер, КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі, «Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова 78 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды заңгер Рафаэль Гасанов естіртті.
Астана, NEGE. Азаматтық белсенді Рафаэль Гасанов әлеуметтік желіде азалы хабарды естіртіп, қоғамның дамуына еңбегі сіңген Бақыт Түменованы еске алды.
«Ол өз өмірін қоғамдық денсаулық сақтау ісін дамытуға, аурулардың алдын алуға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға арнады. Оның еңбегі ағартушылық жұмыс, түрлі бастамалар мен адамдарға қолдау көрсету арқылы нақты өзгерістерге бағытталды», – деп жазды ол.
Бақыт Түменова еңбек жолын 1972 жылы Семей қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында бастап, кейін дәрігер, бөлім меңгерушісі және бас дәрігер қызметтерін атқарды.
1998–2001 жылдары Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды. Кейінгі жылдары қоғамдық секторда белсенді еңбек етіп, 2007 жылдан бастап «Аман-Саулық» қоғамдық қорын басқарды.
Денсаулық сақтау реформасын жүргізуге атсалысып, әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау ісіне елеулі үлес қосқан білікті маман ретінде танылды.