Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегіне байланысты мәлімдеме жасады
Денсаулық сақтау министрлігі әлемнің жекелеген елдерінде маймыл шешегінің тіркелуін және халықаралық көлік қатынастарының белсенділігін ескере отырып, инфекция Қазақстан аумағына да әкелінуі мүмкін екенін мәлімдеді. Дегенмен маймыл шешегінің халық арасында кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланып отыр.
Астана, NEGE. Бұл ретте министрлік өкілдері мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілгенін хабарлады. Сондай-ақ ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізіліп жатқаны мәлім болды.
Ведомство ақпаратынша, барлық өткізу пункттері дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған. Медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етіліп жатыр. Бұдан бөлек, аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.
«Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ», – делінген ДСМ хабарламасында.
Маймыл шешегі негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыста болған кезде де жұғуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі теріде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болуға, инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдерін және төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбауға шақырады.
Ауруға тән белгілер пайда болған жағдайда, дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау ұсынылады.