«Делайте!» – Шерзаттың өліміне себепкер болған төбелесті бастауға бұйрық берген «Чика» кім?
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Тілшіміз Талдықорғандағы сот процесіне қатысып, тікелей репортаж жасауда.
Бүгінгі сот процесінде марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың жауап алу хаттамасы оқылды. Ол өзінің тергеу барысындағы жауабында төбелес кезінде «Чика» деген әлдебіреудің «Делайте!» деп бұйрық бергенін айтқан.
«Біз сөйлесіп тұрған кезде Hyundai Accent маркалы қызғылт түсті автокөлік келіп тоқтады. Артынан Мерседес «кабан» автокөлігі келіп тоқтады. Сол автокөліктен басқа жігіттер түсе бастады. Hyundai Accent -тен 4-5 бала түсті, Мерседес автокөлігінен Абзал, Нұрқияс, Шыңғыс және тағы бір бала мен екі қыз шықты. Маған бірінші болып Нұрқияс келді, барлығы амандасты. Одан кейін мен дүкеннің алдына қарай жылжыдым. Сол кезде «Чика» деген Accent-тен түскен жігіт менімен амандасты. Мен оған: «Сенің түрің таныс қой», – дегенде ол мен бетіме қарап: «Мен шалмын ғой», – деді. Мен оған ары кетсе отызда шығарсың дедім. Ол күлді. Дүкенге қарай беттеп, дүкеннің есігін ашып, артындағы жігіттерге: «Делайте!», – деп айтып, ары қарай кіріп кетті», – деген Ғайыпбаев жауап беру хаттамасында.
- Тақырыпқа орай: Марқұм Нұрғанат Ғайыпбаев жауап беру хаттамасында сол күні оқиға орнына өзінің атыс қаруын алып келмегенін айтып кеткен
Журналистер жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеевтен хаттамада аты аталған «Чиканың» кім екенін сұрады.
«Оның кім екенін өздеріңіз де түсінген боларсыздар. Өткенде Гүлбарам жауап берген кезде ол күдіктілердің арасында жоқ болды. Ол іске куәгер ретінде тартылған», – деп жауап берді Шекеев.
NEGE тілшісі «Ол кешегі сотта куәгер болғандардың ішінде болды ғой?», – деген сауалына: «Иә. Бір-ақ сөзбен оның кім екенін анықтауға болады», – деп жауап берді адвокат.
Кешегі сотта куәгер ретінде жауап берген Қалиахмет Дидардың бөлесі Самат Абдықадыр былай деген болатын:
«3 қазан күні мен, Қалиахмет Дидар, Мұратов Дәулет үшеуміз моншадан шыққан болатынбыз. Моншадан шығып, бірден дүкенге кірдік. Ол жерде бір топ бала тұрды. Жарық беретін прожектор бізге түсіп тұрды, сондықтан ол жердегі адамдарды байқамадық. Марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев: «Ерегеске келдіңдер ме?», – деп сұрады. Мен: «Жоқ, не істейміз оны? Біз шалмыз ғой, көлікке келдім», – деп жауап бердім. Нұрқанатты сол күні бірінші рет көрдім.
Артынан дүкенге кіріп кеттік, сатушы болмады. Дидар сатушыны шақырып еді, Қаржаубай аға кірді. Біз сыра алайын деп жатқанбыз. Ақшаны шығарып, төлейтін кезде сырта апыр-топыр дауыс естіліп кетті. Қаржаубай аға «сатпаймын жігіттер» деді. Сыртқа шығып, бірден көлікке отырдым. Біздің көлігіміздің артын Мерседес жауып тастаған екен. Көлікті алып, шығып кеттік. Нұрқанат та, Қаржаубай аға да байсалды сөйлеп тұрды. Сыртта тұрған 7-8 адамның қолында қару тұрмақ, түрін де көрмедім. Мен көлікте отырған кезде біреу Дидар Қалиахметовті капюшонынан тартып алды. Тартқан адамның түрін көре алмадым. Кейін көлікке отырдық, сол кезде «тақ» деген қатты дауыс естілді. Сосын Дидар түсіп кетті. Мен де көліктен түсіп, «Дидар» деп айғайладым, ол қайтып келді, сосын көлікке отырып, кетіп қалдық», – деген еді жауабында.
Н.Ғайыпбаев түсініктемесінде айтқан «шалдың» жеке басы анықталды ма? «Делайте» деп бұйрық берген кім? Адвокат нені тұспалдады? Кімді меңзеді? Сот процесі барысында осы сұрақтарға міндетті тұрде жауап табылуы керек.