Декреттік демалыс алатын еркектер көбейді
Бізде де баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығатын еркектер бар. Олар аз емес. Мысалы, 2016 жылы әлеуметтік төлем алушылардың жалпы санының 98 пайызын әйелдер, 2 пайызын еркектер құраса, қолда бар көрсеткіш - 2017 жылы 8 пайызға жеткен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2016 жылы 5326, ал 2017 жылы 23054 әке бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдеген. Өткен жыл мен биылғы жылға қатысты дерек жоқ. Бұл мәселеге қатысты министрлікке редакция атынан сұрау жолданды.
Жалпы, еркектерге декреттік демалысқа шығуға заң бойынша ешқандай кедергі жоқ. Еңбек кодексінің 99-бабында: Жүктілікке және босануға байланысты демалыс (декретті демалыс) – қызметтегі жүкті әйелдерге беріледі. Сондай-ақ, бала күтіміне байланысты демалысты баланың анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алады. Осы мүмкіндікті 72 мыңнан астам әке пайдаланған.
Декреттік демалысқа шыққан Ермектің (өзінің өтінішімен аты өзгертілді – ред.) айтуынша, мұндай шешім қабылдауына әйелінің жұмыс істемейтіні түрткі болған.
– Бірінші себеп – әйелім егіз қыз босанды. Бір жағынан оған көмектесу керек болды. Екіншіден, келіншегім жұмыс істеген жоқ. Менің айлығым декреттік демалысқа шығып, жөргекпұл алуға жетіп тұрды. Сондықтан декретті өз атыма рәсімдедім, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, әйелдер қандай құжат жинап өткізсе, еркектер де дәл солай. Тек жүктілік қана бөлек. Бұл туралы Ермек былай деді:
– Кейбір ер азаматтардың келіншегі жұмыс істемейді, не жалақысы аз. Оның үстіне Еңбек кодексінде «отбасының бір мүшесі декреттік демалысқа шығуға құқылы» деп жазылған. Жұмыс істейтін жерімнен жалақы туралы анықтама, отбасы мүшелері жөнінде мәлімет өткіздім. Егіз балаға қарау әйеліме ауыр тиер еді. Маған сол жағынан өте ыңғайлы болды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қысылудың, ұялудың да қажеті жоқ».
Еркектердің декреттік демалысы туралы заң не дейді?
ҚР Еңбек кодексі 100-бап, 1-тармағы:
- Баланы үйде кімнің қарайтынын және бала күтіміне байланысты демалысты кімге рәсімдейтіндерін экономикалық тұрғыда тиімді тұстарын ескере келе, отбасы мүшелері өздері шешеді.
- Бала күтіміне байланысты демалысты анасының да, әкесінің де алуға құқы бар.
Шетелде декреттік демалысқа шығу қалыпты жайт. Мысалы, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия, Франция сынды мемлекеттерде қамқор әкелер ақылы демалыс алады. Швецияда баланың әкесіне кемінде бір айға декреттік демалыс алу міндеттелсе, Финляндияда әкелердің 66 пайызы бала күтімі үшін уақытша жұмыстан босатылады. Испанияда әкелерге жалақысының 100 пайыз сақталуы кепілдігімен он апта көлемінде бала бағуға демалыс берілсе, Исландияда баланың әкесіне жылдық орташа жалақысының 80 пайызына дейін көлемде үш ай мерзімге, жәрдемақы қысқартылып тағайындалады. Ал Ұлыбританияда қамқор әкелерге тиісті өтемақыдан бөлек 100 фунт стерлинг көлемінде қосымша ақы төленеді. Сол сияқты Швецияда ерлердің 20 пайызы, Германияда әрбір үшінші еркек, Норвегияда әрбір жетінші азамат декреттік демалысқа шығады. Қысқасы, шетелде бұл таңсық емес. Байқасақ, бұл мүмкіндікті Қазақстанның еркектері де пайдаланып жүр.
Динара Мыңжасар