Декретке шығатын еркектер неге көбейіп барады?
Біз бұған дейін баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығатын еркектердің бар екенін және олардың саны артып бара жатқанын жазғанбыз. Мысалы, 2016 жылы әлеуметтік төлем алушылардың жалпы санының 98 пайызы әйелдер, 2 пайызы еркектер болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 8 пайызға жеткен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2016 жылы – 5326, ал 2017 жылы – 23054 әке бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдеген. Біз 2018 және 2019 жылы декретке шыққан әкелердің санын білу үшін, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдадық. Вице-министр А.Сарбасовтың атынан төмендегідей жауап келді.
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі №405 Заңының 23-2-бабының 1-тармағына сәйкес, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген, балаға күтімді жүзеге асыратын және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар қатысушысына 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалады.
Заңның 1-бабының 11-тармағына сәйкес, әлеуметтік төлемді алушы әлеуметтік қатер жағдайы басталғанға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өзіне әлеуметтік аударымдар жүргізілген және Қор өзіне қатысты әлеуметтік төлемдер тағайындау туралы шешім шығарған жеке тұлға.
Осылайша, бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайға төленетін әлеуметтік төлемді алуға өз құқығын 2018 жылы 215 320 адам жүргізген, оның ішінде 43 081 – ер адам. Аталған төлем 2019 жылдың 9 айында 185 мың 79 адамға, оның ішінде 2 306 ер адамға жүргізілген».
2019 жылға байланысты толық мәліметті министрлік жинап үлгермеген сияқты. Вице-министр А.Сарбасовтың шала қазақшасынан осыны түсіндік. Соңғы жылдары декретке шығатын ер азаматтардың қатары көбейген. Демек, декреттік демалыс та отбасы тиімділігіне айналды деген сөз.
Бұдан оншақты жыл бұрын АҚШ-та «Әлемдегі аяғы ауыр тұңғыш еркек» деген тақырыппен жергілікті БАҚ мақала жариялаған. Ол Томас Бити деген еркек екен. Бұл оқиға қоғамды біраз дүрліктірді. Кейін анықталғандай, Томас Бити бұрын әйел болған екен. Кейін жынысын ауыстырған.
Ағылшындық танымал суретші әрі мүсінші Марк Куинн ақ мрамордан Томас Битидің мүсінін де соқты. Мүсіншінің бұл еңбегі біршама талқыға түсіп, оны «сенсация қуғыш» деп айыптағандар болса да, бұл тақырып әлі күнге дейін талқыланып келеді.
Декретке шығатын біздің еркектерге мұның қатысы жоқ, әрине. Десе де, еркек еріккеннен үйде бала қарап отырмайтыны белгілі ғой. Бірақ әйелінің мойнына мініп алған еркектердің аз емес екені, олардың саны жыл сайын өсіп бара жатқанын да ескерген жөн.
Жалпы, еркектерге декреттік демалысқа шығуға заң бойынша ешқандай кедергі жоқ. Еңбек кодексінің 99-бабында: Жүктілікке және босануға байланысты демалыс (декретті демалыс) – қызметтегі жүкті әйелдерге беріледі. Сондай-ақ, бала күтіміне байланысты демалысты баланың анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алады.