ДДСҰ басшысы оқшауланды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесусқа коронавирус инфекциясын жұқтырып алған адаммен байланыста болған соң өз-өзін оқшаулауға тура келді.
Алматы, NEGE. «Менің COVID-19 вирусына шалдыққан адаммен байланыста болғаным анықталды. Мен өзімді жақсы сезініп жүрмін, аурудың белгілері жоқ, бірақ ДДСҰ хаттамаларына сәйкес, алдағы күндері мен өз-өзімді оқшаулап, үйден жұмыс істейтін болдым», - деп жазды ДДСҰ басшысы әлеуметтік желіде. «Біз денсаулық сақтау бойынша барлық кеңестерді сақтап жүруіміз өте маңызды. COVID-19 вирусының таралу тізбегін осылайша үзіп, денсаулық сақтау жүйелерін дәл осылай қорғап қала аламыз», - деп атап өтті Тедрос Аданом Гебрейесус.
«ДДСҰ-дағы әріптестерім және мен адамдардың өмірін қорғап, сақтап қалу үшін ынтттымақтастық белгісі ретінде, серіктес ретінде ары қарай араласамыз» - деп қосып өтті ол.
ДДСҰ мәліметінше, пандемия басталғалы, әлемде 46 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Қауіпті вирус ғаламшардағы 1,1 миллионнан астам адамның өмірін қиып әкетті.