Дайрабаев Қожаназаров туралы: «Көреалмаушылықты доғаруымыз керек»
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XXVI кезектен тыс съезінде экс-депутат Жигули Дайрабаев «Respublica» партиясының төрағасы, кәсіпкер Айдарбек Қожаназаровтың агробизнесіне қатысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Құрылтай сайлауында Respublica мен «Ауыл» партиялары саяси бәсекелес болғанымен, Дайрабаев Қожаназаровтың агробизнесін жоғары бағалап, оның шаруашылығын өз көзімен көргенін айтты.
«Шаруашылығын аралап көрдім, өте тиімді. Біз көреалмаушылықты доғаруымыз керек. Айдарбек те өздеріңіз сияқты қазақтың азаматы. Шаруашылығында 7-8 холдинг бар. Шаруашылығына жаңа технологиялар енгізген, жас жігіттер жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығында егіндікпен де, мал шаруашылығымен де айналысады. Мемлекет пен Үкімет басшысының талабы – цифрландыруды өндіріске жақсы енгізіп жатыр. Сондықтан осындай адамдарды қолдау керек деп ойлаймын», – деді ол.
Құрылтай сайлауы қарсаңында саяси партиялар арасында өзара сын күшейді. Бұған дейін Respublica партиясының төраға орынбасары Олжас Құспеков бәсекелестерін «ахалтекеге ұқсаған пони» деп сынаса, «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері қарсыластарын «блогерлер жиналған партия» деп атаған болатын.
Жигули Дайрабаев та съезде осындай саяси полемикаға келетін мәлімдеме жасады.
«Саясатты құрғақ ұрандар мен қарама-қайшылықтарға сүйеніп құратындарға қарағанда, «Ауыл» партиясы өз құндылықтарына адал», – деді ол.
Сондай-ақ экс-депутат өзін социал-демократиялық бағытты ұстанатынын мәлімдейтін кейбір саяси партиялардың қызметін де сынға алды. Оның сөзінше, кейбір партиялардың іс-әрекеті жариялаған идеологиясына сәйкес келмейді. Дегенмен ол нақты қай партияларды меңзеп отырғанын атаған жоқ.