Дәурен Абаевтың орынбасарына дейін жолы болғыш
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов пәтер ұтып алды. «Спутник Казахстан» сайтының жазуынша, екі мыңнан астам адамның ішінен Оспанқұловтың айы оңынан туыпты.
Жолы болғыш вице-министр қалай пәтер ұтып алды? Құрылыс компаниясы ұтыс ойынын өткізген ғой. Оған екі мыңнан астам адам қатысқан. Бас бәйге – Нұр-Сұлтандағы жаңа үйлердің бірінен пәтер. Міне, ғайыптан тайып, әлгі пәтерді Дәурен Абаевтың орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов ұтып алған.
«Ұтыстан дәмеміз болған жоқ. Сондықтан холлға шығып кеткенбіз. Экраннан өзіміздің билеттің нөмірін көргенде таң-тамаша қалдық, сене алмадық. Бұрын да ойынға қатысқанбыз, бірақ бүгін біздің жолымыз болды», – дейді Оспанқұлов.
Жеңімпаз Оспанқұловтың және қатысушылардың құрметіне Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, «Ұлытау» тобы, ресейлік «Иванушки International» тобы өнер көрсеткен.
Ғабидолла Оспанқұлов кім? Бұрын қандай қызмет істеді?
Ашық дерек көздері былай дейді: Оспанқұлов 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін, Қазақ-Ресей университетін, «Болашақ» бағдарламасымен Бирмингем университетін бітірген. Әр жылдары президент әкімшілігінде, Екібастұз әкімдігінде, білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарды.
2017-19 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2019 жылдың қазанынан желтоқсанына дейін Nur Otan партиясының хатшысы болды. Өткен жылдың желтоқсанында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды.
Осылайша, Оспанқұлов вице-министр болып тағайындалғанына екі ай толар-толмастан Нұр-Сұлтанның төрінен пәтәр ұтып алды. Көрдіңіз бе, Дәурен Абаевтың орынбасарына дейін жолы болғыш.