Дауыс бер, өз ағашыңды отырғыз
Қарадаладағы ағайын ел тарихындағы айтулы күнді есте қаларлықтай ерекше өткізуді ойластырыпты. Әрбір сала, әр буын өкілдері бүгінгі референдумға ерекше дайындықпен келуде. Оны әрбір дауыс беру учаскелеріндегі тұрғындардың белсенділігінен байқауға болады.
Ауданымыздағы «Қарадала орман шаруашылығы» қызметкерлері шын табиғат жанашырлары екенін тіпті бүгінгі референдум күні де дәлелдеді. Олар Шонжыдағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектепке келіп, бірауыздан өз таңдауларын жасаған соң, мектеп ауласына ағаш отырғызды. Әрине көк талды кез келген уақытта отырғызуға болады. Бірақ орманшылар дәл осы күнді бекер таңдамаған сынды.
Бұл туралы Қарадала орман шаруашылығының басшысы Айдос Адабайұлы: «Бүгінгі күн – ел тарихындағы айтулы күн. Себебі Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын бекіту үшін ел болып атсалысудамыз. Демек біз болашағымыздың іргетасын өз қолымызбен қалаудамыз. Мемлекет басшысының осындай маңызды қадамдарды халықпен ашық талқыға салып, халықтың таңдауына қоюы аса көрегендік деп білемін. Ағаш отырғызу ең әуелі азаматтық белсенділікті арттырып, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға тарту болса, екіншіден, болашақ ұрпаққа бүгінгі тарихи күннің ескерткіші ретінде қалдыруды жоспарладық. Тал күннен-күнге, жылдан жылға өседі, өркен жаяды, мәуелі бәйтерекке айналады. Саясына балаларымыз келіп тыныстайды. Мемлекетіміз де дәл сол ағаштай тамырын тереңге жайып, мықты, мығым болса деген тілегіміз бар. Сондықтан да біз «Қарадала орман шаруашылығы» мекемесінің қызметкерлері білім ордасына 30 түп ағаш отырғызуды жөн көрдік», – деп өз ойымен бөлісті.
«Дауыс бер, өз ағашыңды отырғыз» акциясы шынымен де көпке үлгі, өнеге көрсететін шара болды. Аудандағы тарихи білім ордасының жаңа ғимаратының ауласында енді 15 наурызда отырғызылған 30 түп ағаш жайқалып өспек. Орманшылардың бұл әрекетіне мектеп директоры Берікбай Атагелдиев те ризашылығын білдірді. Табиғат жанашырларына алғысын айтып, жас талдарды жауапкершілікпен күтіп-баптайтындарына сендірді.
Анар Дүйсенбайқызы