«Дәстүрлі медианың дәурені өтті» дегенмен келіспеймін – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде дәстүрлі медианың қазіргі жай-күйіне тоқталып, даму бағдарына баға берді.

Ақорда

Астана, NEGE. Президенттің пікірінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, заман талабына сай дамып келеді.

«Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы алдағы уақытта да «дәстүрлі БАҚ қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас әрі идеологиялық бағдар рөлін» атқара беретініне сенім білдірді.