Дастан Сәтпаев мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері атанды
«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды.
Астана, NEGE. Биыл сыйлыққа 300-ден астам үміткер ұсынылып, олардың 294-і комиссияда қаралды.
Аталмыш байқау жеңімпаздары «Ғылым» номинациясы бойынша – 64 , «Дизайн және бейнелеу өнері» – 19, «Спорт» – 27, «Театр және кино» – 41, «Эстрада» – 13, «Журналистика» – 16, «Халық шығармашылығы» – 41, «Қоғамдық қызмет» – 31, «Әдебиет» – 15, «Классикалық музыка» – 27 үміткердің арасынан таңдалды.
Комиссияның құрамында 37 мүше болды. Олардың қатарында депутаттар, саясаткерлер, қоғам белсенділері, мәдениет, өнер, медиа және спорт қайраткерлері бар.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 25 қараша күні өтеді. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарына диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы табысталады.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев – «Қайрат» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы. Футболшы ретінде мансабын 2024 жылы «Қайрат-Жастар» клубында бастады. 2025 жылдың қаңтар айында «Челси» футбол клубы футболшымен 2029 жылға дейінгі келісімшартқа қол қойды. Трансфер құны – 4.3 млн еуро. Бірақ «Челси» сапына 2026 жылдан бастап қосылады.