Дәрежан Өмірбаев Токио кинофестивалінде «Үздік режиссер» атанды
Дәрежан Омірбаев Токиода «Үздік режиссер» жүлдесімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. «Қазақфильм» киностудиясы таратқан мәліметке сенсек, Дәрежан Өмірбаев 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан «Ақын» фильмі үшін «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алған.
Бұл туралы бүгін фестивальдің жабылу салтанатында белгілі болды.
«Фестивальдің қазылар алқасы осы жүлдені Дәрежан Өмірбаевқа берді, өйткені бізге фильмдегі режиссердің тек өзіне тән қолтаңбасы ерекше ұнады, - деді қазылар алқасының мүшесі Крис Фудживара (Chris Fujiwara). – Бұл фильм поэзия туралы ғана емес, сондай-ақ осы өнерді бағаламайтын заманда ақын болудың қаншалықты қиын екенін көрсететін туынды. Бүгінгі күні бұл проблема тәуелсіз киногерлердің алдында тұр десем артық айтқаным емес. Бұл фильм - адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосатын өнерге немқұрайлы қарамайтын адамдардың еңбегі».
Қазақстандық режиссер өз сөзінде «Ақын» фильмін жоғары бағалаған қазылар алқасы мен фестиваль көрермендеріне алғысын білдіріп, көркем туындының нақты бағасын уақыт беретінін атап өтті.
«Бұл - менің ғана емес, бүкіл түсірілім тобының, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының жеңісі. Осындай жүлделер тоқтамай жұмыс істеуге жігер береді, көп рахмет», – деді Дәрежан Өмірбаев.