Даниял Ахметовтің күйеу баласы туралы ыңғайсыз сұраққа министр қалай жауап берді?
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі брифинг барысында Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы Абай Түрікпенбаевқа қатысты іс жөнінде сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ журналистер «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қойшыбаевтың сотта куәгер ретінде жауап беруінің орындылығы туралы мәселе көтерді.
Астана, NEGE. Журналист Ботагөз Омарова сот отырысында Ерлан Қойшыбаев куәгер ретінде жауап беретінін айтып, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында оның есімі 6 млрд теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтармен байланыстырылғанын еске салды. Осыған байланысты тілші көлік министрінен мұндай тұлғаның сот процесіне қатысуы этикалық тұрғыдан қаншалықты орынды екенін сұрады.
Министрдің айтуынша, жүргізілген тексерулер нәтижесінде Ерлан Қойшыбаевтың қаржылық заңбұзушылықтарға қатысы бар екені дәлелденбеген.
Сондай-ақ Нұрлан Сауранбаев Қойшыбаевтың Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің күйеу баласы екенін жоққа шығармады. Алайда бұл туыстық байланыс оның қызметтік міндеттерін атқаруына әсер етпегенін атап өтті.
«Ерлан Хамардинұлы – еліміздегі білікті логист мамандардың бірі. Қызмет барысында оның біреудің күйеу баласы екені туралы мәселе бірде-бір рет көтерілген емес. Ол – өз ісін жетік меңгерген, тәжірибелі әрі кәсіби маман», – деді министр.
Еске сала кетейік, Ақтау теңіз сауда портының бұрынғы басшысы Абай Түрікпенбаевқа алаяқтық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.