Дания Еспаева: Депутаттардың жалақысы 600 мың теңгеден басталады
Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева депутаттардың ай сайынғы жалақысы қанша екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі депутаттардың еңбекақысы еңбек өтіліне байланысты есептелмек.
Астана, NEGE. 2026 жылдың қаңтарында бұрынғы Сенат пен Мәжіліс депутаттары өздерінің және жұбайларының кірістері туралы декларацияларын жариялаған болатын. Алайда декларацияларда депутаттардың негізгі жалақысы мен жұбайларының еңбекақысы жеке көрсетілмеген еді. Құжаттарда салық салынатын қосымша кірістер, оның ішінде дивидендтер, сыйақылар, мүлікті сатудан түскен қаражат және басқа да табыс көздері қамтылған.
Ал ендігі жаңа парламент – Құрылтай депутаттарының жалақысы қанша болатынын депутат Дания Еспаева айтты.
«Қазір депутаттардың жалақысы 600 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жетеді. Егер депутаттың еңбек өтілі көп болса, оның жалақысы 1 млн теңге болады», – деді ол.
Оның айтуынша, депутаттың бір күндік жалақысы да осы айлық мөлшеріне қарай есептеледі. Мәселен, айына 600 мың теңге алатын депутаттың бір күндік жалақысы шамамен 29 мың теңге, ал 1 млн теңге алатын депутаттікі 48 мың теңге болады.
Бұған дейін Еспаева депутаттар этика нормаларын бұзған жағдайда бір күндік жалақысынан айырылатынын айтқан болатын.