Дания Еспаева: 2027 жылғы бюджетте қауіпсіздік қоры жоқ

Құрылтайдың бүгінгі отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республикалық бюджет параметрлері таныстырылды. Құрылтай депутаты Дания Еспаева 2027 жылғы бюджетте күтпеген жағдайларға арналған жеткілікті қаржы қоры қарастырылмағанын айтты.

Құрылтайдың баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Құрылтай депутаты Дания Еспаева 2027 жылғы бюджетке қатысты негізгі тәуекелдерге тоқталды. Оның айтуынша, келесі жылдың бюджеті іс жүзінде барлық шығыс лимитін пайдаланып қойған.

«2027 жылғы бюджет іс жүзінде қауіпсіздік қоры жоқ жағдайда қалыптасқан. Шығыстар – 30,2 трлн теңге, яғни белгіленген шектің 100%-ына жетіп отыр. Ал бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,3%-ына тең. Бұл – рұқсат етілген ең жоғары деңгей», – деді Дания Еспаева.

Сонымен қатар, республикалық бюджет жобасында қолайсыз сценарий жағдайында бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеден 5,6-6,5 трлн теңгеге дейін өсуі мүмкін екені көрсетілген. Еспаеваның сөзінше, бюджет қабылданғанға дейін Үкімет бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін нақты резервтер мен шығыстарды оңтайландыру тетіктерін дайындауы керек.

Экономика 5%-ға өседі

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмриннің айтуынша, сыртқы нарықтағы тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан экономикасы алдағы үш жылда жыл сайын орта есеппен 5%-дан жоғары өседі деп күтіледі.

«Халықаралық ұйымдар мен инвестициялық банктер мұнай бағасына қатысты болжамдарын төмендетті. Қазіргі консенсус болжамы – барреліне 70,3 доллар. Қазақстанның есептеулерінде мұнайдың орташа бағасы 70 доллар деңгейінде алынды», – деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 7,5-9,5%, ал 2028-2029 жылдары 6-8% аралығында болады.

Ал 2027 жылы республикалық бюджетке 19,9 трлн теңге түседі деп жоспарланған. Бұл – ЖІӨ-нің шамамен 10%-ы. Бюджет тапшылығы 2027 жылы ЖІӨ-нің 2,3%-ын құрайды. 2028 жылы бұл көрсеткіш 1%-ға, ал 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендеуі тиіс.

Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге нысаналы трансферт алу жоспарланған. 2028-2029 жылдары бұл сома жыл сайын 1,5 трлн теңге болады.