«Дәмханаларда ит етінен тағам әзірленген»: Депутат ІІМ-ге жүгінетінін мәлімдеді

Желіде «еліміздегі кейбір қоғамдық тамақтану орындарында ит етінен тағам әзірленіп, сатылған» деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Осы орайда депутат Абзал Құспан БАҚ өкілдеріне осы ақпаратқа қатысты Ішкі істер министрлігіне хат әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

magnific.com

Астана, NEGE. Оның айтуынша, деректі арнайы тексеріп, әзірге ит етін сатуға немесе оны тамаққа пайдалануға қатысты ешқандай ресми сот актісін таппаған. Сондықтан желіде тараған ақпарат жалған болуы мүмкін екенін де алға тартты.

«Бұл көрінеу қате ақпарат болып жатса, сол ақпаратты таратқан блогерді жауапқа тарту керек. Өйткені ол елді дүрліктірді. Бәріміз дәмханадан не асханадан тамақтанудан  қорқатындай күйге түстік. Бұл ақпарат бойынша Ішкі істер министрлігіне хат әзірлеп жатырмын, бүгін жіберемін, нәтижесін сіздерге келесі аптада хабарлаймын», – деді Абзал Құспан.

Ал депутат Айтуар Қошмамбетов ересектер баратын дәмханалармен қоса, мектептер мен балабақша асханаларын да жаппай тексеру қажет деп есептейді.

«Шыны керек, қазір өзім де қатты қорқып отырмын. Бұл еттің біздің балаларымыз баратын мектептер мен балабақшаларға жетпегеніне кім кепіл? Мұндай күдіктің туындауының өзі қорқынышты. Сондықтан бұл мәселені өте мұқият және шұғыл түрде тексеру керек», – деді ол.

Оның пікірінше, санитарлық бақылаудан өтпеген мұндай өнімдер жаппай улануға әкеп соғуы мүмкін.

«Ең сорақысы – бұл жануарлардың қандай жағдайда ұсталғаны, қандай дертпен ауырғаны белгісіз. Ертең осыдан қауіпті, емделмейтін жаман ауру таралса, оған кім жауап береді? Тұтынушылардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі үшін бақылауды барынша күшейту керек», – дейді Айтуар Қошмамбетов.

Айта кетейік, қоғамдық тамақтану орындарында ит етінен әзірленген тамақтар ұсынылғаны туралы әңгіменің қыза түсуіне қоғам белсендісі, AMANAT партиясы республикалық экологиялық кеңесінің мүшесі Сергей Снегиревтің журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтқан мәлімдемесі тұздық болды. Оның айтуынша, Астанада қоғамдық тамақтандыру орындарына ит етін жеткізуге қатысты іс сотта қаралған.

«Әңгіме жекелеген жағдайлар туралы емес, өндірістік көлемде дайындалған ит еті жайлы болып отыр. Көпшілік бірден ойлағандай, корейдің дәстүрлі асханасы емес. Мәселе қоғамдық тамақтану орындарына қатысты. Оның ішінде Астанадағы дәмханалар мен мейрамханалар да бар. Мұны сот та растаған. Екі жыл бұрын осыған байланысты сот өтті», – деген еді подкастта Сергей Снегирев.

Еске салсақ, 2023 жылы Ақмола облысында ветеринарлық қызметтің бұрынғы қызметкері ұсталған еді. Ол қаңғыбас иттерді аулап, етке өткізіп, кейін оны қоғамдық тамақтану орындарына сатып отырған. Тінту кезінде оның үйінен 750 келі ит еті табылды. Сол кезде ер адамға 690 мың теңге көлемінде айыппұл салынған болатын.

Қазір оқып жатыр

Депутат «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды

Алатауда аэротакси бағасы премиум таксимен шамалас болады

29 мамырда Алматыда қалдықтарды кәдеге жарату зауытының құрылысы басталады

Қазақстанда нотариустардың қызметін бақылау күшейтілмек