CTS Астанадағы LRT-ның келесі кезеңіне Қытай биржасынан инвестиция тартыла ма?
Астанадағы жеңіл рельсті көліктің (LRT) келесі кезеңдері Қытай қаржы нарығы арқылы қаржыландырылуы мүмкін.
Астана, NEGE. Қытайдың «Синьхуа» агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Шанхайда өткен Луцзяцзуй-2026 форумында Астананың City Transportation Systems (CTS) компаниясы оффшорлық облигациялар шығару жөніндегі келісімге қол қойылған.
Агенттік мәліметінше, бұл мәмілеге CITIC Securities делдал етіп таңдалған. Мәміленің екінші тарабы – CITIC Bank.
«Тартылған қаражат толығымен Қазақстандағы жергілікті жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ», – деп жазады Синьхуа.
Ақпарат агенттігі бұл қаражаттың Қазақстандағы инфрақұрылымды жақсартуға және экономикалық дамуды ынталандыруға көмектесетінін атап өтеді.
Әзірге облигациялардың нақты көлемі, айналым мерзімі, купон мөлшерлемесі және эмиссия күні жарияланған жоқ. Сондай-ақ қаржының қандай жобаларға жұмсалатыны туралы ресми ақпарат жоқ.
Соған қарамастан, бұл жаңалық бірнеше маңызды сұрақ туындатып отыр. CTS компаниясы – Астанадағы қоғамдық көлік жүйесін басқарады және елорданың LRT жобасының операторы. Сондықтан инвесторлардан тартылатын жаңа қаражаттың осы компанияның болашақ көлік жобаларына бағытталуы мүмкін.
Биыл сәуір айында Астана әкімдігі LRT желісі іргелес Қосшы қаласына дейін ұзартылатынын айтқан. Тіпті әлеуметтік желіде Қосшы мен Астана арасында аспалы рельстің бағандары орнатылғанын көрсететін бейнелер таралды.
Осыны ескерсек, Қытай нарығында юаньмен облигация шығару жоспары жобаның осы кезеңіне жаңа қаржы көзі табылғанын көрсетуі мүмкін.
Айта кету керек, LRT жобасының бірінші кезеңіне Қытайдың Мемлекеттік даму банкі (China Development Bank, CDB) 1,8 млрд долларлық кредит желісін ашып, кейін сыбайлас жемқорлық дауына байланысты қаржыландыру тоқтап қалған болатын. Кейін Қытай банкінен алып үлгерген қарыз ішкі нарықтағы облигациялар арқылы жабылған. Бұл жолы Қытай нарығындағы облигациялар арқылы қарыз тарту көзделіп отырған болуы мүмкін.
CTS келісімі жарияланған форумның өзі Қытайдың халықаралық қаржы орталығы ретіндегі рөлін күшейтуге арналған іс-шара еді. Луцзяцзуй форумында Шанхайдың оффшорлық қаржы жүйесін дамыту жоспары таныстырылып, еркін сауда аймағы облигациялары нарығын кеңейту туралы шешімдер қабылданды.
Синьхуа сараптамасына сенсек, Қытай билігі мұндай облигациялар арқылы «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы елдердің жобаларын қаржыландыру аясын кеңейтуді көздеп отыр. CTS компаниясының мәмілесі осы бағыттағы алғашқы мысалдардың бірі болуы мүмкін.
Мұндағы оффшорлық қаржы жүйесі деп отырғанымыз – Қытайдың шетелдік компаниялар мен инвесторларға қаржы қызметін көрсетуге арналған арнайы қаржы нарығы.
Бұған дейін біз LRT жобасы Қазақстанды кімдердің алдында қарыздар еткенін жазған едік.