COVID-19: бірқатар елде төтенше жағдай қайта енгізіліп жатыр
Кәрі Құрлық қайтадан төтенше жағдай тәртібін енгізіп жатыр. Бұл коронавирустың екінші толқынына байланысты қабылданған шара.
Алматы, NEGE. Солтүстік Америкадағы ахуал да мәз емес. Мәселен, Канадада тәуліктік өсім мамырдағы көрсеткішке жеткен. Сондықтан шетелдіктер бұл елге тағы бір ай бара алмайды. Ал Жапония керісінше өзге ел азаматтарының елге келуіне қатысты шектеу шараларын жеңілдетті. Төтенше жағдай Чехия мен Словакияда енгізіледі. Ал Италия билігі бұл тәртіпті келесі жылдың қаңтарына дейін ұзарту мәселесін қарастырып жатыр. Чехияда алғаш рет 12 наурызда төтенше жағдай жарияланып, ол 17 мамырға дейін созылған еді. Бұл мемлекет – қазір Еуропа бойынша коронавирус жылдам тарап жатқан елдердің бірі. Сондықтан билік араға 4 жарым ай салып, қайтадан қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Яғни алдағы дүйсенбіден бастап мұнда бір айға төтенше жағдай енгізіледі. Алайда билік бұл тәртіптің көктемгіден жеңілірек болатынын бірден ескертті. Бұл экономиканы сақтап қалу үшін қажет дейді.
Қазіргі шектеу шаралары көктемгі төтенше жағдаймен салыстырғанда жеңілірек болмақ. Мәселен, дүкендер, тамақтану орындары мен шекаралар жабылмайды. Көрші Словакияда бүгіннен бастап төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Ол 45 күнге созылады. Осы уақыт аралығында отбасылық мереке-жиындарды өткізуге болмайды. Дегенмен неке кию рәсіміне рұқсат етілген. Тамақтану орындары түнгі 10-ға дейін ғана жұмыс істейді. Бір үйде тұрмайтын адамдар көшеде бірге жүретін болса, міндетті түрде бетперде киюге тиіс. Словакия премьер-министрі Игор Матович: «Бірінші рет төтенше жағдай тәртібі 90 күнге созылды. Енді бұл жолы оның қанша уақытқа жалғасатыны сіздерге байланысты. Бәріміз жауапкершілік танытсақ, 90 күнге жеткізбей, вирустың тарауын тежей алатын да шығрамыз. Төтенше жағдайдың 30-күні Әулиелер күнімен тұспа-тұс келіп тұр екен. Бұл бізге халық шектеулерге салғырт қарай ма, жоқ па, осыны анықтауға көмектеседі. Егер тұрғындар жауапкершілік танытып, отбасылық отырыстар ұйымдастырмаса, бәрі де дұрыс болуға тиіс» деді.
Германияда күн сайын 2 мыңнан аса коронавирус жұқтыру дерегі тіркеледі. Бүгін 2503 адамнан анықталған. Германиядағы жағдай Франция, Чехия және Ұлыбританиядағыдай аса алаңдарлық емес. Дегенмен індет дендеп барады. Өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың екі мың бес жүз үш дерегі тіркелді. Осындай көрсеткіш індеттің бірінші толқыны кезінде, яғни сәуір айында да болған еді. Енді еш шара қабылданбаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Желтоқсан айында күн сайын 19 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін деген болжам бар. Апта басында бұл туралы Ангела Меркель айтқан болатын. Билік локдаун енгізгісі келмейді. Сондықтан сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Осыдан бірнеше ай бұрын қабылданған ереже бойынша келушілер мекенжайы мен телефон нөмірін көрсетуі тиіс. Ал жалған мәлімет бергендерге айыппұл салынады. Берлинде оның мөлшері 500 еуро, ал Шлезвиг Гольштейн өңірінде – 1000 еуро. Бұл Еуропадағы жағдай. Ал Канадада кейінгі 24 сағатта 1800-ге жуық жаңа дерек тіркелді. Сөйтіп тәуліктік өсім мамырдың ортасындағы көрсеткіштерге жеткен. Жаңа деректер саны Альберта, Британдық Колумбия, Квебек және Онтарио провинцияларында артқан. Осы тізімдегі Квебек провинциясында бүгіннен бастап жаңа шектеулер күшіне енеді.