Чип те жоқ, өндіріс те жоқ: Қазақстан технологиялық жарыстан қалып бара ма?
Қазақстанда заманауи чиптер мен баспалы платалар өндірісі жоқ. Сарапшы Олжас Сәтиевтің айтуынша, ЖИ-ге қажетті технологиялар мен видеокарталарды жеткізу үшін тіпті Президент деңгейінде келіссөз жүргізуге тура келеді.
Астана, NEGE. TSARKA ұйымы жетекшісінің сөзінше, қазір әлемде чиптер мен жедел жад тапшылығы бар. Өндірушілердің тапсырыстары бірнеше жылға алдын ала жоспарланғандықтан, Қазақстанға қажетті құрылғыларды қысқа мерзімде жеткізу қиын.
«Қазақстанға жасанды интеллектіге арналған видеокарталарды жеткізу үшін тіпті Президент деңгейінде келіссөз жүргізуге тура келуі мүмкін. АҚШ-тағы төрт ірі технологиялық компанияға қажетті құрылғылар миллиондап өндіріледі. Ал Қазақстан мен басқа да елдер Nvidia компаниясынан мың-екі мың дана құрылғы жеткізуді сұрап, келісуге мәжбүр», – деді Олжас Сәтиев NEGE редакциясы әзірлеген Decaf. подкастында.
Оның айтуынша, Қазақстанда чип өндіретін зауыт салу жақын арада мүмкін емес. Мұндай өндіріс үшін қымбат жабдықпен қатар, білікті инженерлер мен ғылыми-техникалық база қажет.
«Алдағы бес жылда чиптерді толыққанды өндіріске енгізу мүмкін емес екенін түсінуіміз керек. Бірақ біз оларды жобалауды үйренуден бастай аламыз. Өз инженерлерімізді даярлап, қазақстандық чиптер мен құрылғыларды әзірлеуге қажетті білім мен тәжірибені қалыптастыруымыз керек», – деді сарапшы.
Сәтиев Қазақстанда заманауи баспалы плата өндіретін кәсіпорынның да жоқ екенін айтты. Киров атындағы зауыт бар болғанымен, оның технологиясы жоғары деңгейлі платаларды шығаруға мүмкіндік бермейді.
Айта кетейік, сарапшы Decaf.-қа берген сұхбатында «Яндекс» компаниясы Қазақстанда танымал болғанымен, сервистің негізгі жүйесі Ресейге тәуелді екенін де айтқан еді.
Сонымен қатар Сәтиев компания үшін Қазақстан басымдыққа ие емес екеніне алаңдаушылық танытты. Оның айтуынша, «Яндекстің» Қазақстандағы кеңсесінде негізінен PR мамандары, маркетологтер мен пайдаланушыларға қолдау көрсететін қызметкерлер жұмыс істейді. Ал инженерлік топ Ресейде орналасқан.