«Челси» сатылмайтын болды
«Ресейлік миллиардер Роман Абрамович өзіне тиесілі ағылшынның «Челси» клубын тиімді бағаға сатуға мүдделі емес». Бұл жөнінде клубтың президенті Брюс Бак The Guardian газетіне мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Өткен жылдан бері Абрамович белгілі бір себептермен ағылшын визасын ұзарта алмай жүр. Сол себепті, ол Челсидің Англияда өткен ойындарына да қатыса алмады. Сонымен қатар, өз клубы дайындық өткізетін «Стэмфорд Бридж» стадионын қайта жөндеуден өткізуден де бас тартып отыр.
«Қазіргі саяси ахуалға байланысты «Челси» командасын тиімді бағаға сатып алғысы келетін кісілердің бар екенін жасырмаймыз. Сату мәселесімен бізге ұсыныстар да кеп түсіп жатыр. Алайда, клуб қожайынының тарапынан ондай әңгіме қозғалған жоқ», – дейді, Брюс Бак.
Бүгінгі таңда ағылшын бұқаралық ақпарат құралдары «Челси» командасы жуырда сатылуы мүмкін деген ақпаратты кеңінен таратуда. Оған миллиардер Абрамовичтің басына кейінгі кезде көп үйіріліп кеткен «саяси бұлт» себеп болса керек.