23 августа 2025 г. 12:15

«Бізге келетін әлемдік әртістердің өз есебі бар» – Айдос Сағат

Фото: ғаламтордан

Айдос Сағаттың әнші-композиторлығынан бөлек продюсерлік өнері бар. Өйткені тоқырау тоқсаныншы жылдары ол құрған «Үркер» әлі сөнген жоқ. Топтағы азды-көпті азаматтар өз жолымен тарқасқанымен, Айдос Сағат жобаның жұмысын тоқтатпады. Бір қызығы, өнерге жанкештілік керек деген азаматта бірде-бір атақ жоқ екен. Түйгені мен білгені көп өнер иесі тілшімізге ақтарылып сұхбат берді.

– Айдос, әлеуметтік желідегі жазбалар арасынан «Үркер» тобын іздейтіндерді жиі кездестіреміз. Бұл сізді қаншалықты қуантады? 

Бұрын тыңдарман қауым өнерпаздарды тек радио мен телерналардан ғана көретін еді. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманында әр тыңдаушыда таңдау құқығы бар. Сондықтан сүйікті өнерпазын іздеген жандар ғаламтордан оңай таба алады. Осыған сай біз де көпшілік жиі тұтынатын Facebook, Instagram, TikTok желісінде белсенді болуға тырысамыз. Әрине, бір кездері үзіліс алғанымыз рас. Бірақ музыканы ешқашан тастамадық.

Жасыратыны жоқ, «Үркер» тобы қазақ тіліндегі әндер өгейдің күйін кешіп тұрған уақытта құрылды. Қазақша әндер легі түнгі эфирде ғана ротацияға түскеніне қарамастан, түрлі туынды жазып, оны жалпақ жұртқа таратуға барымызды салдық. 

Репертуарымызда өзге де тілде әндер болды. Сондықтан бізді жатсынбай, түрлі ұлт өкілдері тыңдайтын. Шүкір, енді арада отыз жыл өткен уақытта қазақ шоу-бизнесі қалыптасқанының куәсі болып отырмыз. Біз өзіміз өсе жүріп, өскелең ұрпақ алдындағы өз міндетімізді де атқардық деп ойлаймын.

Фото: ғаламтордан

Әрине, сіздің қандай қиын кезеңде болсын «Үркердің» жұмысын тоқтатпағаныңыз рас. Десе де, кейінгі кезде тыңдарманға жаңа әндер жетпей жатқан сияқты ғой...

– Биыл орыс тілінде екі-үш әніміз жарыққа шықты. Өткен жылы «Қазақша блюз» тарту еттік. Жаңадан шыққан әндерімізді музыкалық кеңістіктерге жиі жүктеп отырамыз. Сондай-ақ әр жаңа релизімізбен таныстыратын ютубта арнайы арнамыз да бар. Оған жазылған тыңдармандарымыз қашан, қандай туынды ұсынғанымыздан үнемі хабардар болып отырады.

Иә, кезінде әр әндеріңізді тарату үшін аз есік қақпағандарыңыз анық. Қазіргі желі арқылы жұлдыз болып шыға келген жастарға қалай қарайсыздар?

– Әр заманның өзіндік талап-тілегі бар ғой. Айтып өткенімдей, біз радио-телевидение арқылы танылсақ, қазіргі жастарға желі арқылы танылуға жол ашылды. Сондықтан ешкімге қызыға да, қызғана да қарамаймыз. Әркімнің өзіндік жолы бар. Қайта тәлім-тәрбие көрген жастардың барған жерімізде «ағалап» құрметпен қарсы алатынын көргенде риза боламыз.

Сахналық серігіңіз болған Нұрлан Албанмен топтың 25 жылдығында бірге өнер көрсетіп, тыңдарманды бір қуантқан едіңіздер. Алғаш ел алдына шыққан үркерлік азаматтар қазір тату ма?

– Нұрлан 2018 жылы Республика сарайында өткен кешімізге шақырғанымызда азаматтық танытып, бізбен қосыла екі-үш ән айтып берді. Жақын араласпаймыз, өйткені Нұрлан кейінгі кезде музыкадан алшақтап, коммерцияға бет бұрды. Оның алдында топта Дәурен Сыздықов деген солист болған еді, ол кейін Ресейге қоныс аударды. Оны да 25 және 30 жылдық мерейтойлық кешімізге шақырдық, бірақ келе алмады.

Англияда No Mad Karma атты жоба жандандырған едіңіз. Оның жұмысы қалай?

– Аталған топ 2012-2017 жылдар аралығында қызу жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде бейнежазба түсіріп, ән жазып, концерттерге қатысу мақсатында үнемі Лондонмен екі арада жүрдім. Соңғы рет ЭКСПО кезінде бес мың кісілік Амфитеатрда үлкен кеш бердік. Одан кейін қаражатқа байланысты жобаның жұмысын тоқтатуға тура келді. Бірақ топ құрылғандағы мақсат-мүддесін орындай білді. Мәселен, қарқынды жұмыс істегеніміздің арқасында «27» атты әніміз британдық Music Week чартының үздік 20 хиттерінің қатарынан көрінді.

Фото: ғаламтордан

Өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан топтар концерт ұйымдастырушылар мемлекеттік мерекелік кештерде ғана іздеу салатынын айтады. Сіздерге деген көзқарас қалай?

– Ешкімге «бізді шақыршы» деп сұранбаймыз. Ұйымдастырушылардың кештерге қалай шақырту жасайтыны маған беймәлім. Елшіліктің ұсынысымен түрлі елдер мен халықаралық кештерде өнер көрсеттік. Әзір де сол үрдістен таймай келеміз, шақырса – барамыз, шақырмаса – өкпелемейміз. 

 Джей Ло сияқты әлемдік жұлдыздардың Қазақстанға келуін жергілікті өнерпаздарға серпін береді дегендер болды. Шынтуайтында біз шынайы музыка жасаушы емес, тұтынушы ғана болып қалмадық па?

Әлемдік музыка сахнасына шыққысы келген талантқа ағылшын тілінде ән салуға тура келеді. Бірақ орындаушыға мемекеттің де қолдау көрсеткені абзал. Мысалы, оңтүстік кореялық әнші PSY-дың Gangnam Style әні қалай танымал болды? Әрине, артында корей халқының қолдауы мен салған қыруар қаражаты тұрды.

Негізі әлемдік жұлдыздарды қабылдай бастағанымыз қуантады. Бұл елімізге келетін туристер санын арттырса, бір жағынан сарапшы мамандар айтқандай, бюджетке қаражат түсуіруге септігі тиеді.

Бірақ Джей Лоның елімізге сапары әлемдік әншілерді қабылдауда тәжірибеміздің жоқтығын көрсетті. Мысалы, танымал әншілердің келуіне ықпал жасайтын 20-30 мың адамдық алып арена бізде әлі жоқ. Екіншіден, америкалық әншінің елге келер алдында ұсынатын бағдарламасын сүзгіден өткізіп алу керек еді. Неге десеңіз, Ташкентте берген концертіндегі киім киісін бізге келгендегі образымен салыстыруға мүлде келмейді.

Бізге америкалық немесе еуропалық болуға ұмтылудың қажеті жоқ. Діни мәселе ушығып тұрған шақта елдің бәрін бүркемелеуге тырысудың да қажеті шамалы. Сол сияқты атағы дардай әлемдік әртістер бізге келді екен деп, олар Қазақстанды шексіз сүйеді деп ойлау қате ұғым. Өйткені олар Украинамен арадағы жағдайға байланысты Ресейге баруын тоқтатты. Олар үшін үлкен нарықтың есігі жабық тұр. Сондықтан пайданы Ресейге жақын мемлекеттерден іздеуге тырысады. Бізге ресейлік немесе еуропалық делдалдар арқылы шығады. Сәйкесінше, ресейлік операторлар Ресейдегі ағыннан айырылғандықтан, шақырған қонақтарын Орталық Азиядағы мемлекеттерге жібереді. Бұл енді таза бизнес.

Фото: ғаламтордан

 Ет жемейтін қазақ екенсіз. Осы рас па?

Еттен бас тартқаныма он үш жыл болды. Біреулер «ет жемеген адам нағыз қазақ емес» деп жатады ғой. Мұнымен келіспеймін. Кім не ішіп-жейді, ол әркімнің өз таңдауы. Бастысы, сол таңдауыңнан ешкім жапа шекпесе болғаны. Сондай-ақ алкагольді ішімдіктерді де тоқтаттым. Есесіне, өзімді жеңіл сезінетін болдым.

 Сіздің сыртқы сымбатыңызға қарап, елуді еңсеріп тастаған деп ешкім айтпайды. Қандай күтім жасайсыз?

 Айтпақшы, шылым да шекпеймін. Күн сайын йогамен айналысамын. Бар болғаны – осы.