«Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған»: Тоқаев әскери реформаны он күнде әзірлеуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді реформалауды тапсырды. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігі он күн ішінде нақты жоспар әзірлеуге тиіс.

Ақорданың баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізіп, жаңа қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті таныстырды. Жиын Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Президент Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға офицерлердің, оның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын мәлімдеді. Ол оқу-жаттығуды кім әзірлеп, бекіткенін, Бас штабтың рөлі қандай болғанын және неге Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы жаттығуға қатыспағанын анықтауды талап етті.

«Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер қажетті жабдықпен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен толық қамтамасыз етілмеген.

Қазір Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүріп жатыр. Комиссия әскери қызметті ұйымдастыруды, әскердің жабдықталуын, материалдық және қаржылық қамтамасыз етілуін тексереді.

Тоқаев жаңа министрге үш негізгі міндет қойды. Біріншісі – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және талан-таражға жол бермеу. Екіншісі – Қарулы Күштерді қазіргі қауіп-қатерлерге сай реформалау. Үшіншісі – әскердегі тәрбие мен идеологиялық жұмысты күшейту.

Президент әскери лауазымдарға тағайындау кезінде жеке байланыс емес, тәжірибе мен біліктілік шешуші болуы керек екенін айтты.

«Әскери лауазымдарға басшының "өз адамдары" емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс», – деді ол.

Тоқаев армияны цифрландыруды және мүмкін болған жерде адам еңбегін технологиямен алмастыруды да тапсырды.

«Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау», – деді Президент.

Әскери реформаның жоспары қазанның екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады. Реформаны үйлестіру Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына жүктелді.