«Біз одан шарап ішеміз»: Кенесарының бас сүйегі туралы айтқан қырғыз студенттері кешірім сұрады

Кенесары ханға тіл тигізген қырғызстандық екі студент қыз видеоүндеу жариялап, қазақ халқынан кешірім сұрады.

Видеодан кадр

Астана, NEGE. Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүрген Аруке мен Эдина есімді қырғыз қыздардың желіде Кенесары хан туралы айтқан сөзі дау туғызды. Эфир кезінде олар Қырғызстанда ханның бас сүйегінен шарап ішетіні туралы айтқан. Студенттердің бұл сөзі Қазақстан мен Қырғызстан қолданушыларының наразылығын тудырды. Эфирге қатысқан басқа адамдар бірден қыздарды сынап, эфир жазбасын Қырғызстан елшілігіне жолдайтынын айтқан. 

Осы жайттан кейін екі қыз қазақ халқына қарата видеоүндеу жариялады.

«Интернетте тараған видеода айтқан сөздеріміз үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың ар-намысына тиетін сөз айтуға болмайды. Біздің ешқашан қазақ халқын қорлау немесе оның атына кір келтіру деген мақсатымыз болған емес. Ойланбай айтқан сөздерімізге қатты өкінеміз», – деді олар.

Студент қыздардың айтуынша, тікелей эфир барысында блогер оларға арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойған. Олардың пікірінше, жанжалға себеп болған да осы. Алайда студенттер арандатуды ақтау ретінде қарастырмайтынын айтып, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын мәлімдеді.