4 февраля 2026 г. 11:00

«Біз әлдекімге сес көрсететіндей қай артымызға сенеміз?»: Депутат псевдо-патриоттарды сынады

Фото: tizgin.kz

Депутат Ермұрат Бапи құбылған геосаяси жағдайда қоғамды эмоцияға емес, азаматтық пайым мен диалогқа сүйеніп шешім қабылдауға шақырды.

Астана, NEGE. Депутат Ермұрат Бапи бүгін Мәжілістің күн тәртібіне жаңа Конституция жобасын талқылау мәселесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, соңғы алты айда дайындалған конституциялық өзгерістер қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, түрлі пікірлер айтылып келеді. 

«Әрине, азаматтық ұстаным мен  мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауы тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тынысы сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек»,— деді ол.

Депутат Конституция жобасына қатысты айтылып жүрген сындардың бір бөлігі тіл мәселесіне тірелетінін де жасырмады. Ол ұлттық намысы оянған халықтың талабын жоққа шығаруға болмайтынын айта отырып, эмоция мен ерегес арқылы мәселе шешілмейтінін ескертті. Қазіргі геосаяси ахуал мен халықаралық қатынастардың құбылмалы кезеңінде ішкі тұрақтылықты шайқау қауіпті екенін айтты:

«Екі жақта текетіресте тұрып, ерегеспен ештеңе шеше алмаймыз. Ұсынылып отырған Конституция жобасы ең бірінші кезекте, сыртқы тәуекелдерге дайындығымыз деп жалпы сипатта қарауымыз керек».

Мәжілісмен қоғамды қажетсіз дүрбелеңге итермелейтін радикалды ұстанымдарды сынға алды. Геосаяси қатерлер күшейген шақта реформаны эмоциямен емес, салмақпен бағалау қажеттігін атап өтіп, әлеуметтік желілердегі ахуалға назар аударды. 

«Бүгінгі әлеуметтік желілердегі дабыраға қиқу қосып, қоғамды қажетсіз толқуға шақырып жүрген жекелеген желікпе псевдо-патриоттардың қылығына ішің ашиды. Бір ғана КҚК мұнай құбырындағы апат елді қандай қаржылық қауіпке тап қыларын бастан кешіре тұра, біз әлдекімге сес көрсететіндей қай артымызға сенеміз? Сауда соғысы, президент Трамптың пошлинамен әлем картасын бөлістерге сала бастаған қатерлер қаулаған заманда, Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық бізді орны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін»,— дейді депутат

Сөз соңында Ермұрат Бапи «80 мың ғана әскеріміз бар» деп, қоғамды ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді эмоциямен емес, азаматтық пайыммен қабылдауға шақырды.