31 октября 2024 г. 12:05

Бюджеттік паника. Парламент қолдауынан айрылу қаупін Үкімет НЕГЕ енді түсінді?

Фото: Фото: Nege.kz

Үкімет «AMANAT» партиясының арқасында Парламенттегі даудан аман қалды. «Ақ жол» партиясы Мәжілістің пленарлық отырысында «2025–2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдамай қойды. Сарапшылар «Олжас Бектенов бастаған Үкімет Қазақстанды бюджеттік кризиске апара жатыр» деген пікірде.

Мәжілісте Үкімет атынан сөйлеген Ұлттық экономика министрі – вице-премьер Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, бұл жоба «Бюджет кодексіне» сәйкес әзірленген және мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонда, жоба бойынша, алдағы үш жылда республикалық бюджетке Ұлттық қордан келетін кепілдендірілген трансферт жылына екі триллион теңге деңгейінде белгіленіп отыр. Үкімет болжамы бойынша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 62,2 миллиард АҚШ долларына жетеді және 2027 жылы 78,7 миллиард долларға дейін өседі.

Фото: primeminister.kz

Қаржы министрлігі тағы бір сценарий дайындап қойған. NEGE дереккөзінің айтуынша, егер алдағы 2-3 жылда бюджет кірістері тұрақты болмаған жағдайда Үкімет шығыстарды қысқаруды жоспарлап отыр. Бұл әлеуметтік блокқа қатысты болады. Бірақ оны халыққа дұрыстап түсіндіру қажет.

Дефицит жағадан алғанда, қарыз етектен тартуда. Осы қазан айында Үкіметтің сыртқы қарызы 60 миллиард долларға жетіп отыр. Жыл басынан бері қарызды төлеу үшін Үкімет 1,96 триллион теңге жұмсаған. Енді тығырықтан шығар жолды жанталаса іздеп, үнемдеуден қалған соманы мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы ретінде үлестіруге тиым салынды.

Фото: primeminister.kz

«Қаржы министрлігінің позициясын толығымен қолдаймын. Қазіргі кризисті жағдайда тіпті титтей де ақымақтыққа жол беруге болмайды. Ойлаңызшы, сіздің қызметкеріңіз бір нәрсені сатып алуға ақша алып, оны арзанға сатып алып, қалған ақшасын өзінде қалдырса не болады? Бұл тура осыған ұқсас жағдай», – дейді сарапшы Расул Рысмамбетов.

Үкімет биыл Ұлттық қор қаржысын шығындауда рекорд көрсетті. Жыл басынан бері қордан 5,6 триллион теңге алынды. Ал бюджеттің кіріс бөлігі өзінің жоспарлы межесін орындаған жоқ. Жыл сайын Үкіметке республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламенттен өткізу қиындай бермек. Себебі, шығындардың шектен тыс артып, кірістің азаюы қандай көнбіс болса да, депутаттардың да дегбірін қашыра бастады.

Мысалы, «Ақ жол» партиясы трансферт туралы жобаны қолдаудан бас тартып, демаршқа барып отыр. Азат Перуашев бастаған партия өкілдері бюджетте айқындалған бағдарламалардың, әсіресе, «Мұнай-химия технопаркі» сияқты ірі жобалардың тиімділігі мен оның мемлекетке нақты пайдасы жайлы мәселе көтеруде.

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің 2029 жылы ішкі жалпы өнімді 450 миллиард долларға жеткізу бойынша тапсырмасын орындай алмайтын сияқты. Қазір Үкімет мүшелері сөз арасында осы жағдайды мойындай бастағаны байқалады. Екінші тапсырма, 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерін 100 миллиард долларға жеткізу жоспарына да қауіп төніп тұр.