19 мая 2022 г. 8:47

БҰҰ: Әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр

Фото:

Әлемнің 38 елінде аштық жайлап жатыр.

Алматы, NEGE. БҰҰ мәліметі бойынша әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр, ал 811 миллионнан астам адамға тамақ жетпейді.

Бұл туралы БҰҰ штаб-пәтерінде өткен «Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі: іс-қимылға шақыру» министрлік конференциясында мәлім болды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, аталған конференция азық-түлік тапшылығына неғұрлым бейім елдердің кең тобын және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын мемлекеттерді біріктірді.

«БҰҰ мәліметі бойынша әлемнің 38 еліндегі 44 миллион адам аштық алдында тұр және 811 миллионнан астам адамға тамақ жетпейді»,- делінген хабарламада.

Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Германия, Италия, Пәкістан, Румыния, Түркия Сыртқы істер министрлері және БҰҰ-ға мүше 30 елдің өкілдері, сондай-ақ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы халықаралық ұйымдар басшылары, сондай-ақ Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация қатысты.

М.Тілеуберді сөзінде Қазақстан әлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ Ауғанстан аумағына халықаралық гуманитарлық көмекті жеткізудің сенімді жолдарын қамтамасыз етуге жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Тегтер: