БҰҰ: Әлемде 345 миллион адам аштықтан зардап шекті

БҰҰ әлемде қанша адам аштықтың зардабын тартып отырғанын айтты.

Алматы, NEGE. Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы әлемде 345 миллион адам «бұрын-соңды болмаған ауқымдағы жаһандық төтенше жағдайға» айналып бара жатқан аштыққа ұшырағанын ескертті, деп хабарлайды БҰҰ. 

Бейсенбі күні өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ұйымның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДАБ) атқарушы директоры Дэвид Бизли агенттік жұмыс істейтін 82 елде 345 млн адам азық-түліктің жетіспеушілігін қатты сезінгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіш пандемияға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қатты сезінген адамдар санынан 2,5 есе көп.

«Әлем бұрын-соңды болмаған көлемдегі жаһандық төтенше жағдайға тап болды. 345 миллионға жуық адам аштықтан зардап шегіп, өлуге шақ қалды, ал Украинадағы соғыс салдарынан 70 миллионға жуық адам оған жақындап тұр», - деді Бизли.

Оның пікірінше, биыл ақпанда Ресейдің Украинада соғыс қимылдары басталғаннан кейін азық-түлік, жанар-жағармай мен тыңайтқыш бағасының күрт өсуі 70 млн адамды ашаршылыққа жақындатты.

Одан бөлек, Украинадағы соғыс инфляцияны күшейтіп, Йемендегі гуманитарлық дағдарысты ушықтырды, өйткені Таяу Шығыстағы бұл ел толығымен дерлік азық-түлік импортына тәуелді.

«Егер біз әрекет етпесек, 2023 жылы азық-түлік бағасының ағымдағы дағдарысы азық-түліктің қолжетімділік дағдарысына айналуы мүмкін», - деп болжады Бизли.

Қазір оқып жатыр

Дубай соты қазақстандық бизнесмендерге 950 мың доллар айыппұл салды

Астана тұрғынының пәтерінен 20 мың доллар мен зергерлік бұйымдар ұрланды

Қазақстанның мемлекеттік қарызы бір тоқсанда 400 млрд теңгеге жетті

Чемпиондар вагоны: қарағандылық бишілер желіні тәнті етті