БҰҰ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғамақ
БҰҰ еліміздегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған бағдарламаны іске қосты.
Алматы, NEGE. Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуроодақпен бірлесе отырып әйелдердің құқығын қорғауды көздейтін аймақтық бағдарламаны жүзеге асыруды бастады. Спотлайт деп аталатын бастама Орталық Азияның 5 мемлекеті мен Ауғанстандағы қыз-келіншектерді зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған. Жоба 35 миллионнан астам әйелді қамтиды деп жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты гендерлік теңдік сақталған және зорлық-зомбылықтан ада аймақ құру. Ол үшін азаматтық қоғамның белсенділігі мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызы өте жоғары дейді жоба авторлары.
Әйелдер және отбасы-демографиялық істер жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова: "Жоба өте ауқымды. Оны жүзеге асыру арқылы көмекке мұқтаж жандарды қолдай аламыз деп сенеміз. Осы орайда зорлық-зомбылықтың себептерін анықтап, олардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауымыз тиіс. ПРезидент жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық істер жөніндегі ұлттық комиссиясы да жобаға барынша қолдау көрсетеді. Біз Ораталық Азия және Ауғанстандағы әріптестерімізбен диалог орнатуға дайынбыз. Аймақтық серіктестік өз жемісін береді деп сенеміз", - деді.